Түркістанда жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың құрылысы басталады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Түркістан облысына ресми сапарында бірнеше отандық компанияға Түркістан қаласындағы әкімшілік орталықта ғимараттар салуды тапсырған болатын. Осыған орай Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қазақстандық инвесторлар «BI Group» және «Саутс-Ойл» компанияларының өкілдерін қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жүздесуде инвесторлар облыс орталығы Түркістан қаласын дамытуға өз үлестерін қосуға ниет білдіріп, «BI Group» компаниясы Түркістан қаласында 50 мың шаршы метрді құрайтын бизнес орталықтың жобасын ұсынды. Орталықта офистік бөлмелер, мәжіліс залдары, жерасты автотұрақ орналасады. Ал «Саутс-Ойл» компаниясы 120 бөлмелік 5 жұлдызды қонақ үйдің сәулет-жоспарлау эскизін таныстырды. Қонақ үй стандартты, люкс орындарынан бастап, ең жоғарғы үлгіде жабдықталған жайлы бөлмелермен, мейрамхана және концерт залымен қамтылмақ. 

Ғимарат жобаларымен танысқан облыс басшысы инвесторларға эскиздік жұмыстарды жетілдіріп, құрылысты уақтылы бастау қажеттігін жеткізді.

«Әкімшілік іскерлік орталықта жаңа облыстық әкімдік, басқармалар мен департаменттер және конгресс-орталық пен «Риксос» қонақ үйі ғимараттарының құрылысы қатар жүреді. Жұмысшылар 3 ауысыммен жұмыс істейді. Барлық ғимараттың жоспарын толық әзірлеп, құрылысты қазірден бастау керек», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

«BI Group» компаниясы өкілдері жаңа әкімшілік іскерлік орталықта облыстық әкімдік пен аумақтық мекеме ғимараттарының және Конгресс-орталықтың құрылысын жүргізеді. Орталықта форум, саммит, концерт залдар орналасады. Компания мамандарының айтуынша, құрылыс басталса, аталған барлық нысандар 1 жарым жыл ішінде толық аяқталмақ.

Кездесу қорытындысында облыс әкімі Ж.Түймебаев инвестициялық жобаларды іске асыруға инвесторлар мен әкімдік арасында бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеп, жұмыс тобын құруға тапсырма берді. 

Соңғы жаңалықтар