Түркістанда «Ясауитану- 2019» республикалық байқауы өтуде

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласында «Ұлы даланың ұлы есімдерін» ұлықтау мақсатында және Жастар жылына орай дәстүрлі «Ясауитану - 2019» республикалық байқауы өтуде. Шараға еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен өзге облыстарынан 41 оқушы қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ұйымдастырған байқау Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында өткізілуде. Осымен 23-ші рет өтіп ұйымдастырылып доданы тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов пен университеттің Әлеуметтік қолдау және тәрбие жөніндегі вице-президенті Әміреқұл Ергешұлы ашып берді. Олар Қожа Ахмет Ясауидің шығармашылығы мен өмірін, кесенеде жерленген тұлғаларды жастар арасында насихаттап, патриоттық сезімді дамытуға үлес қосып отырған байқаудың маңыздылығына тоқталды. Тарих танымын терең меңгертуге жол ашу бағытында қолға алынған байқаудың тамыры тереңдей түскенін әрі қалалық деңгейде бастау алған сайыс бүгінде облыстық, республикалық, халықаралық дәрежеге қол жеткізгенін атап өтті.

«Өз заманында-ақ халықтың ерекше ілтипатына ие болып, «Әулиелер сұлтаны» атанған, кейінгі ұрпақтың да руханият әлеміндегі бағдарын айқындауда жетекші рөл атқарған Қожа Ахмет Ясауи артына баға жетпес байлық, өшпес мұра қалдырып кеткені белгілі. Әулиенің ізіне ерген шәкірттері Түркістан атырабынан асып, оның ілімін төрткүл дүниеге мәшһүр етті. Мәселен, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Түрікменстан, Пәкістан, Үндістан, Сирия, Иран, Ирак, Әзербайжан, Ресей, Украина, Қытай, Түркия, Болгария, Босния-Герцоговиня, Мысыр, Марокко мемлекеттерін атап өтуге болады»,- деді Нұрболат Ахметжанов.

Байқау жеңімпаздарына қомақты қаржылай сыйлықтар және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің гранты тағайындалған.

Соңғы жаңалықтар