Түркістанда Ясауи кесенесінің кірпіші күйдірілген пештің орны табылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласы аумағындағы Қарашық өзенінің бойында Ясауи кесенесін тұрғызу кезінде кірпіштерін күйдіру үшін салынған пештің орны табылды. Мұндай болжамды «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғалымдары жасап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінен мәлім еткендей, мекеменің археологиялық тобы XIV ғасырға тиесілі орыннан, сондай-ақ антикалық дәуірге жататын Қарашық-1 қалашығынан түсті металл балқытатын пешті де тапқан.

Қорық-музейдің Түркістан археологиялық тобы ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап тарихи ақпараттар негізінде зерттеу жұмыстарын бастаған. Осы жұмыстардың нәтижесінде тың деректерді анықтап, бірқатар жәдігерлерді тапты. Археолог ғалымдардың пікірінше, Ясауи кесенесінің кірпіштеріне арналған топырақ ескі Сауран қалашығынан алынған. Сөйтіп Қарашық-1 қалашығында дайындалған болуы мүмкін. Өйткені бұл пікірді растайтын бірнеше дәлелдер анықталған.


«Қазба жұмыстарының нәтижесінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің кірпіштеріне ұқсас өнімдер шығуда. Кесененің кірпіштерін осы жерде даярлауы мүмкін деген болжамымыздың бір дәлелі осы болса керек. Екіншіден, кірпіштерді жасауға, шикізатты (балшықты) жасауға өте көп мөлшерде су қажет. Өйткені балшығын дайындау алдында топырақты қайта-қайта сумен шайып, оны тұздан тазалайды. Бұл процес сапалы кірпіш жасау үшін өте маңызды болып келеді. Сондықтан кірпіш күйдіретін пешті өзеннің жағасында салған тиімді. Экономикалық тұрғыдан қарағанда топырақты Сауран өлкесінен тасып әкеліп, Түркістанның өзінде жасалуы дәлелге жақындау», -дейді археологиялық топтың жетекшісі Бақытжан Нұрханов.

Ал, табылған аумаққа зерттеу жүргізген археологтар су кірпішті кептіретін орындардың да бетін аша бастады. Бірнеше ғасыр өтсе де от тиіп, қызыл түске енген қабырғалар мен бөлмелер берік қалпын сақтап тұр. Үйінді астында қалған тарихи орынның сыры толықтай ашылғаннан соң, Түркістан мен Қызылорда күре жолы бойында ашық аспан асты музейі салынбақ. Ал, Қарашық-1 қалашығынан табылған пештің орны мен жан-жағында шашылып жатқан металды қалдықтар әлі де зерттелмек.

Соңғы жаңалықтар