Түркістанда ҰБТ кезінде қулық жасаған 100-ден астам оқушының нәтижесі қайта тексеріледі
2022 жылғы 29 маусым 20:36

Түркістанда ҰБТ кезінде қулық жасаған 100-ден астам оқушының нәтижесі қайта тексеріледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев ҰБТ кезіндегі ереже бұзу фактілері жайлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен аптада 15 күндік іссапардан оралдым. Осы уақыт ішінде Павлодар, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Жетісу облыстары мен Шымкент, Алматы қалаларында орналасқан 17 тестілеу орталығын араладым. Талапкерлермен және 40+ градустық ыстықта бірнеше сағат бойы балаларын жақсы нәтижемен күтіп тұрған ата-аналармен кездестім. Тестілеу орталықтарында ҰБТ өткізу барысын қадағаладым. Осы сапарда оқуға түсушілер шағым түсіретін орталықтардың жұмысына ерекше көңіл бөлінді. Өкінішке қарай, еліміздің қасиетті жерінде орналасқан орталықта ереже бұзудың жаппай жағдайлары расталды. Технология дамыған заманда академиялық адалдық қағидасын бұзу тәсілдерін анықтау оңай емес. Қазір тестіленушілер қолдан жазылған көмекші құралдарды пайдаланбайды. Тіпті смартфондардың өзі шпаргалка ретінде қолданыстан шығып жатыр» деп жазды орталық директоры әлеуметтік желіде.

Оның айтуынша, кейбір тестілеу орталықтарында талапкерлер ҰБТ-ны бөгде тұлғаларды көмегімен компьютерге қашықтан қосылу арқылы тапсыруға тырысқан.

Тиісті шаралар қабылданып, іс құзыретті органдарға берілді.

«Ақпараттық қауіпсіздік біздің ерекше бақылауымызда. Анықталған жағдайдан соң орталық қызметкерлерінің осы бұзушылықтарға қатысы туралы күмән туындады. Сондықтан қызметтік тексеріс жүргізіледі. Ал 100-ден астам талапкердің нәтижесі қайта тексеріліп жатыр. Ереже бұзу анықталған жағдайда жинаған ұпайлары жойылып, олар грант конкурсына қатысу мүмкіндігінен айырылады. Құрметті тестіленушілер! ҰБТ-ның аяқталуына бір-ақ апта қалды. Қазір сіздер екінші мүмкіндіктеріңізді пайдаланып жатырсыздар. Тәуекелге бармай, ҰБТ-ны сәтті аяқтауларыңызға тілектеспін» дейді Руслан Емелбаев.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT