Түркістанда Түркі кеңесі Түркі университеттері одағының IV Бас ассамблеясы өтті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда 23-24 сәуір аралығында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ түрік университетінде Түркі кеңесі Түркі университеттері одағының IV Бас ассамблеясы өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл маңызды басқосуға Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия сияқты 15-тен астам мемлекеттен ректорлар, дипломаттар, халықаралық ұйымдардың өкілдері, эксперттер, ғалымдар, студент жастар, қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты.

Айта кету керек, Түрік университеттері одағының негізі Түркі Кеңесі іс-шаралары аясында 2013 жылы қаланды. Қазіргі таңда Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркияның жалпы саны 19 жоғары оқу орны аталмыш Одақтың мүшесі болып табылады.

Түркі кеңесі Түркі университеттері одағының IV Бас ассамблеясы мәжілісі Түркі Кеңесінің Бас төрағасы Б.Әміреев, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті Кеңес төрағасы профессор Муса Йылдыз және университет ректоры профессор Болатбек Әбдірәсіловтің құттықтау сөзінен кейін өз жұмысын бастады.

Мәжіліс барысында, Түркі Кеңесі Түрік университеттері одағы аясында білім және ғылымның бірыңғай желілік кеңістігін қалыптастыру, «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» сияқты рухани құндылықтарға негізделген білім беру бағдарламаларының үйлесімдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, «Түркістан процесі» деп аталатын жоғары білім туралы дипломдарды өзара танудың оңтайландырылған механизмдерін енгізу туралы инновациялық жоба мәселелері талқыланады. Сонымен қатар пилоттық жоба болып келген «Орхун» академиялық бағдарламасын кең көлемді ұтқырлық бағдарламаға айналдыру жөнінде нақты ұсыныстар енгізілді.

Жиында сөз алған Түркі кеңесі Бас хатшысы Б. Әмреев «Түгел түркі жұртының рухани орталығы, төрт қақпалы Түркістан қаласында өткізіліп жатқан бұл бастамалар мүше мемлекеттер мен барлық түркі халықтар үшін оң нәтижелер береді деп ойлаймын. Түркі кеңесі Түркі университеттер одағының төртінші бас ассамблеясы барысында елдеріміз үшін оңды шешімдерге қол жеткіземіз деп үміттенемін», - деді.

Мәжіліске қатысушылар тарапынан «ұлттық шекараларсыз сапаны бақылау» үлгісінде (әлемдік аккредитациялау агенттіктерінің мысалында) жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі жалпытүркілік аккредитациялау агенттігін құру ұсынысы қолдау тапты.

Сондай-ақ университет ректоры Б.Әбдірәсілов «Білім беру қызметтерінің сапа жүйесін жақсарту мақсатында, келешекте дүниежүзілік трендтерге сәйкес оқу үдерістерін стандарттауға кепілдік бола алатын, жоғары оқу орындарымыздың беделінің күшеюіне септігін тигізетін жалпытүріктік білім кеңістігіне қызмет ететін тәуелсіз аккредиттеу агенттігін құру керек деп есептеймін», деп атап өтті.

Ассамблея отырысында сөз сөйлеген халықаралық Elsevier компаниясының Орталық Азия және Әзербайжандағы аймақтық басшысы А.К. Оспанова және Түркия Республикасы бойынша өкілі Айхан Саражоғлы оқу және ғылыми жұмыстардың сапасын жақсарту бойынша ЖОО және мемлекеттердің атқарып отырған әрекеттерін бірлестіру арқылы Түркі әлемінің университеттерінің рейтинг дәрежесін көтеру мүмкіндігі және осы бағытта компания тарапынан ЖОО әлеуетін арттыруға бағытталған қажетті қызметтерді көрсетуге дайын екендерін атап өтті.

IV Бас ассамблея мәжілісінде Түркияның Кападокия университетінің, Түркияның Нигде Өмер Халисдемир университетiнің, Түркияның Гази университетінің, Әзербайжан мемлекеттiк экономика университетінiң және Венгрияның Сегде университетінің Түркi университеттері одағына мүшелігі ресми түрде бекітілді.

Биылғы жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ түрік университеті Түркі университеттері одағының кезең төрағасы болып табылады.

Бас ассамблея іс шаралары аясында Түркістан облысы әкімдігі мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен кеше салтанатты ашылуы болған Түркі Кеңесі Жас көшбасшыларының ІІ Форумы және Қазақстанда жастар жылының жариялануына байланысты Түркі әлемінің мәдениет және өнер фестивалі жоғары дәрежеде өтті. Екі күн бойы қазақтың төл өнері - айтыс пен Түркі халықтары жастарының мәдениет және өнер фестивалі түркістандықтардың құлақ құрышын қандырды.

Соңғы жаңалықтар