Түркістанда түркі әлемінің қайраткері Аднан Мендерестің есімімен көше аталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістандағы көшелердің біріне түркі әлеміне танымал қайраткер Аднан Мендерестің аты берілді. Бүгін осы айтулы оқиғаға байланысты салтанатты жиын өтіп, оған Қазақстан, Түркия және өзге де елдерден меймандар қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға қатысқан қонақтар мен зиялы қауым өкілдері А.Мендерес туралы баяндап өтті. Түркия Республикасы Дін істері басқармасының басшысы, Бас мүфти Али Ербаш тарихи тұлғаға құрмет көрсеткен қазақ еліне алғысын білдіріп, Түркістанның Түркі әлемінің орталығына айналып келе жатқанына тоқталды. Ол қос ел арасындағы бауырластық қарым-қатынас нығая түскенін, Түркістан төріндегі маңызды іс-шаралар Түркі әлемін біріктіруге серпін беретінін мәлім етті.

Ал өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев бауырлас Қазақстан мен Түркия байланысы тереңдеп отырғанын жеткізді.

«Өткен ғасырдың 50-жылдары отандастырымызға қамқорлық танытып, Түркияға көшуіне, орнығуына үлес қосқан Аднан Мендерестің есімін жаңғырту қос мемлекетке ортақ мүдде деп білемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласындағы көшелердің біріне Аднан Мендерестің есімін беру туралы тапсырма берген болатын. Тапсырма аясында заңға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылып, біз бүгін сол көшенің ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Өздеріңізге белгілі, Түркістан – бір халықтың ғана емес, күллі Түркі елдерінің рухани ұстыны ретінде әспеттеледі. Сондықтан, қос елге ортақ тұлғаның атындағы бұл көшенің Түркістан қаласында ашылуы – заңдылық. Сондай-ақ бұл бастама қазақ-түрік арасындағы достықтың одан сайын нығаюына жол ашады деп сенемін», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Аднан Мендерес көшесінде жаңадан бой көтерген әкімшілік-іскерлік орталық, әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандар, тұрғын үйлер және жаңа мектеп орналасқан. Сонымен бірге саябақ пен мәдени нысандар да бар. Айта кетейік, саяси қайраткер, Түркия Республикасының Премьер-Министрі қызметін атқарған Аднан Мендерестің қазақ халқына сіңірген еңбегі мол. Ол өткен ғасырдың 50-ші жылдары қазақтардың Түркияға қоныстануына себепкер болып, 4 жылға жуық созылған қоныс аудару процесіне қолдау көрсетті. Тарихи тұлғаның 1952 жылғы қаулысынан кейін қазақтар Пәкістаннан Түркияға қоныс аудара бастады. Пәкістандағы қазақтардың алғашқы легі 1952 жылдың қыркүйек айында келсе, соңғы легі 1956 жылы түрік жеріне жеткен.



Соңғы жаңалықтар