Түркістанда тұңғыш рет халықаралық инвестициялық форум өтеді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда тұңғыш рет «Ежелгі Түркістан - Жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық және туристік форум өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ағымдағы жылдың 28 қыркүйегінде ұйымдастырылатын шараға әлемнің Түркия, Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея сияқты дамыған елдерінің өкілдері шақырылып отыр. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков «Оңтүстік» баспасөз клубында өткен брифингте мәлімдеді.

Форум барысында логистика, туризм және агроөнеркәсіптік кешенге қатысты мәселелер қаралады. Жалпы инвестициялық бағыт бойынша 250-ден астам қонақ келеді деп күтілуде. Іс-шараның шетелдік қатысушыларының басым бөлігін Еуропалық Одақ компаниялары құрайды. Олардың қатарында жеке инвесторлар, халықаралық трансұлттық компаниялардың өкілдері, инвестициялық қорлар, қаржы институттары мен банк басшылары болады. 

Ербол Тасжүрековтың сөзінше, халықаралық деңгейдегі шара аймақ экономикасының перспективасы жоғары бағыттарында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мен қызметтестікті одан әрі кеңейту арқылы өңіріміздің инвестициялық әлеуетін көтеруге бағытталған.

«Форумның негізгі мақсаты - халықаралық ұйымдар мен сарапшылардың қатысуымен жыл сайын өтетін нетворкингке арналған халықаралық алаң құру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын шетелдік инвесторларды тарту және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту. Жалпы, туризм - өңірдің дамуында және инвестиция тартуда ең басты және маңызды бағыттардың бірі екені белгілі. Яғни, инвестицияның басым бөлігі осы перспективалы салаға бағытталады. Нәтижесінде облысымызға келетін туристер саны еселеп артады деген сөз. Айта кетерлігі, қазірдің өзінде шараға қатысуға шетелдік инвесторлар үлкен қызығушылық танытып отыр», - деді Ербол Қуанышұлы.

Облыс әкімінің орынбасары сондай-ақ өңірдегі ауылшаруашылығы саласына байланысты жылыжай кешендері, қарқынды бақшалар мен агропарктер, сондай-ақ, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп пен инфрақұрылым бағыттарына инвестиция тарту жұмыстары атқарылатынын жеткізді. Әсіресе, инвесторлар өңіріміздегі кен орындары мен өнеркәсіптерді игеру бойынша жаңартылатын энергия жобаларына қызығушылық танытып отыр. Іс-шараға келетін қонақтардың барлығымен алдын-ала келіссөз жүргізілген, әр компания инвестициялық жобаларды іске асыруда сәтті тәжірибеге ие және өз саласының көшбасшысы.

Айта кетейік, 2017 жылы Түркістан қаласына 1,2 млн турист келсе, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 700 мыңнан астам шетелдік қонақ болған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 60 пайызға артық. 

Соңғы жаңалықтар