Түркістанда Тұңғыш Президент күніне орай студенттерге арнайы дәріс оқылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда Тұңғыш Президент күніне орай студенттерге арнайы дәріс өтті.

Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде өткен дәріс барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет болашағы жолында атқарған істері мен қол жеткізген жетістіктері сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Лекциялар бір мезгілде бес секцияда оқылды. Онда Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов, университтің ғалым-ұстаздары Сейдулла Садықов,Тәліб Жұманов, Рашид Ибрагимовтар Елбасының ерен еңбектері мен еліміздің бүгінгі жеткен жетістіктерін жастарға танытып, құнды деректермен бөлісті. Бұл мерекенің маңызы мен мәніне тоқталды.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов студенттерге Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың ғасырға татырлық істері мен Қазақстанның мәртебесін төрткүл дүниеге таныту үшін жасаған ерен еңбектері жөнінде кеңінен әңгімеледі. Келешекті білу үшін тарихымызды тану қажеттігіне назар аударды. Тәуелсіздік жылдарында қоғамның бір формациядан екінші формацияға өту барысындағы Елбасының көрегенділігінің арқасында маңызды шешімдер қабылдауы ұтымды жағдай болғандығын айтып өтті.

Бүгінде еліміз дамудың даңғылына түсе отырып, әлемнің дамыған 30 елінің қатарынан ойып тұрып орын алуға ұмтылған еді. Бұл белестің де, одан да зор асулардың да бағындырылатындығы сөзсіз. Оған Елбасымыздың бастамасымен қабылданған «Қазақстан-2050» стратегиясы, «Нұрлы жол» бағдарламасы, «100 нақты қадам» ұлт жоспары өз септігін тигізері анық.

Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов болса студенттермен кездесіп, Тұңғыш президенттің елді дамыту жолындағы еңбектері туралы айтты. Түркістан қаласының облыс орталығы болуының маңызы мен алдағы атқарылар шараларда жастардың үлесі туралы атап өтті.

Оларды қаланың дамуына үлес қосуға шақырды және және Жастар жылына орай жасалатын жобалар туралы ақпарат берді. Туризм саласынының дамуына атсалысып, мейрамхана және қонақүй жүйесін әлемдік деңгейге көтеру мақсатында жобаларын ұсынуды тапсырды. Ғылым бар жерде даму бар демекші осы университетпен бірігіп облысқа қажетті кадрларды дайындап көптеген жобалар жасалу керектігін ескертті.

Арнайы дәрістердің соңында студенттер түрлі сұрақтар қойып, жауаптар алды.

Соңғы жаңалықтар