Түркістанда Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі халықаралық деңгейде аталып өтті
2021 жылғы 10 желтоқсан 20:30

Түркістанда Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі халықаралық деңгейде аталып өтті

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістанда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тұғырлы бол, Тәуелсіздік» салтанатты іс-шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс-шара «Тәуелсіздік – тірегім» хореографиялық-сазды театрландырылған қойылымымен ашылды. Тарихтан сыр шертіліп, жаңа дәуірге қадам басқан Қазақстанның қарышты қадамдары сахналанды. Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев егемендіктің арқасында қол жеткен жетістіктерге ой жүгіртті.

«Тәуелсіздіктің 30 жылында жаңа Қазақстанның іргетасы қаланып, жан-жақты нығайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен мемлекеттік рәміздеріміз белгіленді. Мемлекеттік, халықтық билік жүйесі қалыптасып, ұлттық валютамыз айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылып, ұлттық қауіпсіздік саласы жаңарды. Ата Заңымыз қабылданды. Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы өңір орталығына айналды. Бұл оқиға – Тәуелсіздіктің және рухани жаңғырудың ең бағалы жеңістерінің бірегейі еді. Түркістан қаласы аз ғана уақытта күллі Түркі дүниесіне танылып, түркілер төріне айналды. Түркітілдес Мемлекеттер басшыларының бейресми Саммитінде Түркістан Түркі әлемінің мәдени-рухани астанасы деп жарияланды. Тәуелсіздігіміз, Қазақстанымыз мәңгілік болсын! Ұлы мереке құтты болсын!», – деді Өмірзақ |Шөкеев.

«Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде өткен мерекелік жиында күй күмбірлеп, сананы сергітетін шығармалар орындалды. Атап айтсақ, Мөлдір Әуелбекова, Жігер Аупбаев, Алтынай Жорабаева бастаған қазақ эстрадасының танымал өкілдері өнер көрсетті. Түркі елдерінің рухани астанасында бауырлас халықтардың өнерпаздары да өз шашуларын ала келген екен. Татарстан, Әзербайжан, Бурятия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия елдерінің эстрада жұлдыздары да қазақ және түркі елдері тілдерінде ән шырқап, мерекені халықаралық деңгейге көтерді.


Jańalyqtar

MURAǴAT