Түркістанда «Тәуелсіздік ұрпағы – жыл көшбасшылары» атты облыстық жастар форумы өтті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістанда «Тәуелсіздік ұрпағы – жыл көшбасшылары» атты облыстық жастар форумы өтті. Келелі басқосуда сан түрлі саланың үздік жастарына тәжірибе арқылы келген жетістікке жету жолдарын үйретіліп, бағыт-бағдарлар берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырған форумға өңір жастары қатысты. Форумның негізгі мақсаты – жастардың көшбасшылық қырын ашып, мемлекетті дамыту мен ұлт мүддесі жолындағы істерге жұмылдыру болды. Жиында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Ахымбетов құттықтау сөз сөйлеп, жастарға табыс тіледі. Тәуелсіздіктің қадірлі құндылық екеніне тоқталып, жастарды отаншыл болуға шақырды. Басқосуда креативті индустрия саласындағы кәсіпкер Асқар Абубакиров модератор болып, жүргізіп отырды. Форумда мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мәселесі кеңінен сөз болып, оның дамуына зор үлес қосқан әрі елдің саяси және қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген спикерлер ой бөлісті. Атап айтсақ, «Global coffee», «Salem coffee & tea» кофеханалар желісінің негізін қалаушы Аят Азимов, паралимпиялық спортшы, волейболшы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Серік Есматов өз салалары бойынша идеяларын ортаға салды. Пікірсайысшы, ҚР пікірсайыс турнирлерінің бірнеше дүркін жеңімпазы, 2014 – 2016 жылдардағы ҚР үздік спикері Бекарыстан Аманжолов, оңтүстік аймақтағы қазақ-түрік мұз айдыны қауымдастығының негізін қалаушы Дінмұхаммед Зиятбеков, «Атамекен» ҰКП бизнес-тренері, жеке кәсіпкер Қанат Әбілдәбеков және «City hotel Shymkent» қонақ үйінің дизайн үйлестірушісі Қалжан Шотаева жастарға тәжірибелері мен жетістік сырлары туралы баяндады. Түркістан жастары сан қырлы тақырып бойынша мағлұмат алып, спикерлерге өз ойларын білдірді. Ұсыныс-пікірлерін ашық жеткізіп, сауалдарын қойды. Нақты жауаптар алып, Түркістанды дамыту жолында еңбек ететіндерін жеткізді.


Соңғы жаңалықтар