Түркістанда Тәуелсіздік күні тойланды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған «Тәуелсіздік - тұғырым!» атты мерекелік іс-шара өтті.

Еліміздің ең ұлық мерекесіне жиылған жұртшылықты Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев құттықтап, Тәуелсіздік туралы тебіреністерін ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы Тәуелсіздік күні мерекесін жаңа облыс орталығы - Түркістан қаласында тұңғыш рет аталып өтіп жатқанын тілге тиек етіп, бұл да бір тарихи оқиға екенін жеткізді. Сондай-ақ, Елбасының қолдауымен Түркістанның тынысы ашылып, жаңа мақсаттар мен межелер айқындалып келе жатөанығына тоқталды.

«Тәуелсіздік - ұлы ұғым. Жұмыр жер бетінде азаттығын аңсап, бостандыққа қол жеткізе алмай жүрген ұлттар көп. Жыл, ай емес, минут сайын құбылатын алмағайып заманда Қазақстанымызбен мақтанып қана қоймай, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету үшін баршамыз еңбек етуге тиістіміз. Бүгінде Елбасымыздың қолдауымен Түркістанымыз түрленіп, облысымыздың әлеуеті көтеріліп келеді. Жыл басынан бері өнеркәсіп өнімінің көлемі 409,6 млрд. теңгені құрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 508,2 млрд. теңгеге жетсе, шетелдерге ет 6,2 мың тонна ет экспорттаған облысымыз бұл көрсеткіш бойынша республикада 1-орынды иеленді. 11 айда құрылыс жұмыстарының көлемі 110 млрд. теңгеге, ал, пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 374,8 мың шаршы метрді құрады. Қазірдің өзінде «Риксос» қонақ үйі мен іскерлік орталығының қазығы қағылды. Таяуда Түркістан қаласында 30 ірі нысанның құрылысы басталады. Баршаңызды Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, игі бастамаларыңызға сәттілік тілеймін», - деді Жансейіт Түймебаев.

Жиында облыс әкімі еңбегімен дараланған 55 адамға түрлі марапаттарды салтанатты түрде тапсырды. Сонымен қатар мерекелік кеште Түркістан облысының «Қазына», «Тұмар» би ұжымдары мен облыстық опера және балет театрының өнерпаздары «Атамекен» хореографиялық композициясын ұсынды. Жезтаңдай әншілер «Айналдым елім», «Қазағым», «Нұр-Астана», «Қалам менің - Түркістан», «Отан», «Қазақстаным» және өзге де патриоттық әндерді шырқады.

Соңғы жаңалықтар