Түркістанда «Тарихи мұра жанашыры» атты көрме өтті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласында мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің 88 жылдығына орай өмірі мен шығармашылығына арналған «Тарихи мұра жанашыры» атты көрме өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрмеге «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары М.Тастанбеков пен Ө.Жәнібековтің шәкірті, әрі қызметтесі Қанат Тұяқбаев, Түркістан қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Пернетай Досыбеков, Ө.Жәнібековтің қарындасы Айғаным Серім және Торғайдағы қызметтесі Ыдырыс Жұмабеков, музей қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиынға қатысушы қонақтар ұлты ұлықтаған Өзбекәлі Жәнібеков жайлы естеліктерімен бөлісті. Көрмеге ұлттық өнер мен мәдениеттің жанашыры атанған ғалым – этнографтың 60-тан аса жәдігері қойылды. Олардың қатарында Өзбекәлі Жәнібековтің балалық шағы мен қызметтік жылдарындағы фотосуреттері, Қазақстандағы музейлерді ұйымдастырудағы шеберлігі, өзінің тұтынған заттары – фотоапараты, қол сөмкесі, қаламы, шапаны, бас киімі, қаламынан туған «Отырар», «Қазақ киімі», «Жолайрықта», «Тағдыр тағылымы», «Эхо» сынды кітаптары мен мақалалары, Торғайда қызмет атқарып жүргенде берілген естелік заттары, жұмыс бөлмесінде пайдаланған мәрмәрдан жасалған қаламсабы бар. Сонымен қатар, Өзбекәлі Жәнібековтің жеке кітапханасындағы шетел әдебиеттері мен отандық жазушылардың туындылары да көрмеге келушілерге таныстырылды.

«Отырардай қасиетті өңірде дүниеге келіп, әл-Фарабидей бабасын рухани ұстаз тұтқан, ата-баба мұрасымен сусындаған Өзбекәлі Жәнібеков өсе келе қазақтану ғылымының қара нарына, ұлт мақтанышына айналды. Ол қазақ халқының мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына орасан зор үлес қосты. ХХ ғасырдың 70 жылдарының өзінде-ақ, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. Бүгінгі ашылған көрменің негізгі мақсаты - Өзбекәлі Жәнібековтің азаматтық, қайраткерлік қасиеттерін, ұлтжандылығын, даналығын, көрегендігін, рухани мәдени мұрамызға деген жанашырлығын жас-жеткіншектерге насихаттау»,-деді «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі директорының орынбасары М.Тастанбеков.

Соңғы жаңалықтар