Түркістанда Тәкен Әлімқұлов пен Асқар Сүлейменовті еске алу кеші өтті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда қазақтың көрнекті жазушысы, ақын, әдебиет сыншысы Тәкен Әлімқұловтың 100 жылдығы мен жазушы, драматург Асқар Сүлейменовтің 80 жылдығына орай «Қаратаудың төл перзенттері» атты еске алу кеші  өтті. «Ұлы даланың дара даналары» кітап көрмесі ұйымдастырылды,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған шараға  ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бақыт Беделханұлы мен Қазақстанның Мемлекеттік және  «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, ақын, жазушы Есенғали Әбдіжаппарұлы қатысты. Сондай-ақ еліміз бен  Шешен Республикасының  зиялы қауым өкілдері,  студенттер мен  бұқаралық ақпарат құралдары шақырылды.

Кешке қатысқан облыс әкімінің орынбасары  Мәлік Отарбаев  сөз сөйлеп, Тәкен Әлімқұловтың жұбайы  Есімкүл Әлімқұлова мен Асқар Сүлейменовтің ұлы Алишер Сүлейменовке облыс басшысының сый-сияпатын табыс етті.

«Құлагердей қаламгерлердің атын ардақтау, құрмет тұтып қастерлеу, биікке көтеру, мұра етіп қалдырған алтын қазыналарын келешек ұрпаққа жеткізу, баршамыздың парызымыз. Әдеби шоғырда орны бөлек сөз сәйгүлігі, қазақтың қара сөзінің зергері атанған көрнекті жазушы, ақын Тәкен Әлімқұловтың туылғанына 100 жыл және де тумысы бөлек тұлға, өзгеше дарын иесі Асқар Сүлейменовтің 80 жылдығына арналған мерейлі мереке Қазақстан көлемінде аталып өтуде. Елім деп еңсесін тіктеген, ұлтым деп  ұйқысы қашқан айтулы  тұлғалардың тұғыры қашан да биік»,- деді Мәлік Отарбаев. 

Шара барысында Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды драма театрының әртістері «Қаратаудың төл перзенттері»  поэтикалық  композициясын орындап, кеш соңы облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

null 

null 

Соңғы жаңалықтар