Түркістанда сыбайластықтың жолын кесуге үндейтін фильмнің тұсауы кесілді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен жарық көрген «1424» қысқаметражды фильмнің алғашқы көрсетілімі өтті. Бұл жөнінде облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа туындының тұсаукесеріне облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысып, өз бағасын берді. Адал жолға үндейтін жоба ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Хаким Көшқалиевтің идеясы негізінде түсірілген. Негізгі мақсат – қоғамда белең алған жемқорлық көріністерін азайту және оған қарсы мәдениеттің жарқын үлгісін қалыптастыру, әрі халықтың азаматтық белсенділігін арттыру арқылы сыбайластықтың жолын кесу. Барлық рөлдерді Департамент қызметкерлері мен Арыс қаласындағы «Т.Тәжібаев атындағы балалар ауылының» тәрбиеленушілері сомдап шыққан. Үш апта көлемінде түсірілген жаңа туынды көпшілік көңіліне терең ой қалыптастыра білді. Көрсетілім соңында облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев аталған фильмде белсенділік танытқан бірқатар азаматтарды Алғыс хатпен марапаттап, шығармашылық жолда шарықтай берулеріне тілектестік білдірді.

«Жемқорлық – әлемнің кез келген елінде кездесетін дерт. Онымен күресті мектеп қабырғасынан бастау керек. Өскелең ұрпақ жастайынан жемқорлықтың жаттығын жадына сіңіріп өскенде бұл індеттің тамырына балта шабуға болады. Сонда психологияны өзгертеміз. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлердің де жағдайын жан-жақты жақсарту керек. Елімізде жеке мақсаттарын жүзеге асыру үшін мемлекеттік билікті пайдаланатындармен күрес күшейіп келеді. Елбасының талабы мен Мемлекет басшысының халыққа Жолдауындағы тапсырмасы да осыған саяды. Түркістандай киелі жер жемқорлықтан мүлдем жат болуы тиіс», – деді облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы.

Пайдакүнем пенделердің сірескен ой-санасын сілкінтуге сеп болатын «1424» фильмі алдағы уақытта Түркістан облысының барлық қала-аудан көрермендеріне жол тартады.

Айта кетейік, фильм атауына ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Call-орталығының нөмірі негіз болған.

Соңғы жаңалықтар