Түркістанда Сұлтанбек Қожановтың қышқа қашалып жазылған қолтаңбасы бар

Фото:
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда Сұлтанбек Қожановтың қышқа қашалып жазылған қолтаңбасы бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында Алаштың арысы Сұлтанбек Қожанов жайында біршама құнды жәдігерлер бар. Мәселен, Созақ ауданындағы Сұлтанбек Қожанов атындағы мұражайда ІҮ-ші Өзбек кеңес съезіне қатысу алдында өз қолымен толтырған анекетасы сақтаулы тұр. Одан бөлек, өзі қол қойған хаттамалар мен өзге де құжаттардың көшірмелерімен танысуға болады. Қызмет бабында түскен сирек суреттерді де музей қорынан кездестіре аласыз.


Ал, Түркістан қаласындағы Саттар Ерубаев музейіндегі ғимаратта қышқа қашалып жазылған «Х. Су...н» деген жазу сақталған. Жергілікті тұрғындар бұл 1910 жылы аталған мектепте білім алған Сұлтанбек Қожановтың қолтаңбасы деп біледі.

«Адамның қолтаңбасын зерттейтін криптография дейтін ғылым бар. Мұның анық-қанығын рәсімдеп беруді сол мамандардың еншісіне қалдырайық та, кішкентай болса да, осы бір жәдігерімізді Сұлтанбектің көзіндей көріп, келер ұрпаққа аманат етіп айтып жүрейік», - дейді ғалым Бекжігіт Сердәлі.


Бұл қолтаңбаны ҚР Мәдениет қайраткері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Нұрмахан Назаров тауыпты. Нысанның сыртына тазарту жұмыстары жүріп жатқан сәтте көріп қалған. Содан БАҚ арқылы мақалалалар жазып, құнды дүниемен көпшілікті таныстырған.

Жалпы бұл ғимарат 1904 жылдары күйдірілген кірпіштен салынған. Содан 1989 жылға дейін 3 сыныптық орыс түзем мектебі ретінде жұмыс істеген. Мұнда қоғам қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов пен Саттар Ерубаев білім алған. Кейіннен Саттар Ерубаев мемориалдық музейі болып ашылды. Ал, 1995 жылы әдеби-мәдени мұражай мәртебесіне ие болды. Мұнда Саттар Ерубаев пен қатар жергілікті қаламгерлердің әдеби мұралары жинақталған.



Соңғы жаңалықтар