Түркістанда спорттың 9 түрін қамтыған халықаралық жарыс өтті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында ересектер арасында спорттың 9 түрін қамтыған спартакиада жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәстүрлі сайыста жасыл алаңға шыққан Түркістан облысының командасы бас жүлдені иеленсе, күміс жүлдені Шардара ауданының құрамасы жеңіп алды. Ал, қола жүлдені Созақ ауданына келген команда қанағат етті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Түркістан облыстық спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев құттықтап, арнайы тағайындалған алғыс хаттар мен кубок медальдар табыстады. Енді Тәуелсіздік күніне орай, спартакиаданың командалық жеңімпаздары анықталып, үздік деп танылған спорт аймағы жоғары деңгейде марапатталатын болады.

Бұл күні Түркістанда сондай-ақ, баскетболдан халықаралық турнир өтті. Биыл осымен екінші рет жалауы желбіреген бәсеке көне қаланың «Құрметті азаматы» Алик Валиевтің құрметіне арналды. Халықаралық турнирге еліміз бен Қырғызстан, Өзбекстаннан бас-аяғы 22 команда қатысып, өзара бақ сынады.

Қол добы шеберлерінің сайысына 300-ге жуық жас баскетболшы келді. Жарыс қорытындысында 2004-2005 жылдары туған қыздар арасында I орынға – Павлодар командасы, II орынға – Ташкент, III орынға – Түркістан облысының құрамасы қол жеткізді. Ал, 2006-2007 жылғы жасөспірім қыздар арасында үздік үштікке Түркістан облысы, Наманган және Самарқанд командалары тұрақтады. 2006-2007 жылғы ұлдар арасындағы тартысты ойында I орынды – Түркістан облысы, II орынды – Бішкек, III орынды – Алматы облысының баскетболшылары еншіледі.
Соңғы жаңалықтар