Түркістанда шағын футболдан премьер-лига басталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда шағын футболдан премьер-лига басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жуырда Түркістан облысы әкімінің есеп беру жиынында жастардың біреуі өңір басшысына жасөспірімдер мен жастар арасында футболдан жарыс өткізу жөнінде ұсыныс айтқан болатын. Жансейіт Түймебаев жұртшылық алдында бұл бастамаға қолдау көрсететінін әрі жарыстың ашылу салтанатына арнайы баратынын мәлімдеген-ді. Уәде орындалды» делінген хабарламада.

Кеше Түркістан қаласында жаңадан ашылған Жастар ресурстық орталығының спорт алаңында футболдан облыс әкімінің жүлдесіне арналған қала чемпионаты басталды. Дүбірлі бәсекеге Түркістандағы шағынаудандар мен елдімекендерден 30 команда қатысуға құлшынып отыр. Аула клубтары арасындағы жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Жасөспірімдер мен жастар спортпен шұғылданып, үйрімелерге қатысып жүрсе, жаман әдеттерден аулақ болады. Аула клубтары арасындағы бұл чемпионат бұқаралық спортты дамытуға серпін береді деп сенемін», - деген ол Түркістанда заман талабына сай спорт кешендері мен мектептер көбейетінін айтты.

Шағын футбол додасы бірнеше айға дейін созылады. Спортсүйер қауым бұны Түркістан қаласының кішігірім премьер-лигасы деп те бағалауда. Облыс әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, үздік ойыншыларына бағалы сыйлықтар тапсырылады. Алдағы уақытта Түркістанда спорттық сайыстар саны артады. Бұл өз кезегінде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықты азайтады деген сенім бар.

Соңғы жаңалықтар