Түркістанда «Саттар Ерубаев» атындағы шығармашыл жастарды қолдау қоры ашылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында «Саттар Ерубаев» атындағы шығармашыл жастарды қолдау қоры ашылды. Аталған қор жылына бір рет республикамыздағы ең үздік шығармашыл жастардың Түркістан өлкесінде басын қосып, шығармашыл жастарды марапаттайтын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен ашылған қор поэзия, дәстүрлі ән, роман, проза, әңгіме, айтыс, ғылым, қолөнер, зергерлік өнер және ұлттық үлгідегі киім дизайны бойынша​ номинацияларының иелерін арнайы комиссия арқылы анықтап, қаржылай жүлделермен марапаттайды деп жоспарланған. Аталмыш идеяның бастамасы ретінде былтыр облыс деңгейінде «Саттар Ерубаев атындағы шығармашыл жастар байқауы»​ өткен болатын.​ Байқау әдебиет пен мәдениеттің 8 бағытын қамтыған. Атап айтсақ, «Үздік​ жас мүсінші», «Үздік жас дизайнер», «Үздік жас қолөнерші», «Үздік жас ғалым», «Үздік жас әнші», «Үздік жас ғалым», «Үздік жас айтыскер» номинациялары бойынша Түркістан облысының түкпір-түкпіріндегі өнерлі жастардың арасында бәсекеге толы байқау көпшіліктің көңілінен шықты.

Игі бастама Республика көлемінде ұлт руханиятына еңбек сіңіріп жүрген жас шығармашыл жастарымызға қолдау көрсету мақсатында​ «Саттар Ерубаев» атындағы шығармашыл жастарды қолдау қорын құрумен жалғасып отыр. Жаңадан құрылған қордың төрағасы​ Айбек Маратұлы осы уақытқа дейінгі атқарылған жұмыстар барысы мен алдағы уақыттағы жұмыс жоспарымен таныстырды. Қайырымдылық балдың өзге шаралардан ерекшелігі – Түркістан өңіріне белгілі қолөнерші Мамыт Жаңабек қолынан шыққан мүсіндері және суретші Әділхан Мәліктің суреттері​ аукционға қойылды. Жас таланттардың алғашқы қолдаушысы ретінде кешке арнайы облыстық, қалалық мәслихат депуттары, жеке кәсіпкерлер, зиялы қауым өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер және өнерпаз азаматтар​ қатысты.

«Биыл 2021 жыл «Қайырымды істер жылы» саналады. Қайырымды іс тек қана материалдық көмекпен немесе азық-түлік таратумен шектелмейді. Оның ауқымы кең. Біз ел ішіндегі ұлттық дәстүрді өлтірмей және өнер мен әдебиетті дәріптеп келе жатқан шығармашыл жастарға қолдау көрсеткіміз келеді. Түркістан сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де рухани орталыққа айналуы тиіс. Қордың есімі Саттардың есімімен аталып, жаңарған Түркістанда жаңа амбицияға ие болған бұл жоба еліміздің түкпір-түкпірін шарлайды», – дейді облыстық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы, облыстық мәслихат депутаты Амалбек Өміртай.


Соңғы жаңалықтар