Түркістанда салынатын 175 ғимараттың 102-сі биыл іске қосылады - Елбасы

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан жұртшылығымен кездескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев киелі шаһарда құрылыс қарқын алып, болашақта туристер жиі келетін іргелі қалаға айналатынын атап өтті. Қазақстан Респуликасының Тұңғыш Президенті қала өсіп-өркендеген сайын жергілікті халықтың да жағдайы жақсаратынын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан халқы үшін Түркістанның орны ерекше. Мұнда бірінші кезеңде көпқабатты 175 ғимарат салу жоспарланған. Соның 102-сі биыл іске қосылады. Жұмыстың қандай қарқынмен атқарылып жатқанын көріп отырсыздар. Бұл үшін мен осы жерде барлық облыстардың басын қостым. Қолынан іс келетін азаматтар өз шаруасын дөңгелетіп әкетіп жатыр. Болашақта әдемі қала болады, халық саны өседі. Қазір қала тұрғындарының саны 170 мың болса, меніңше аз уақыттың ішінде жарты миллионға жетеді»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы сонымен қатар, облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық жағдайы да жақсарып, жұмыс орындары көптеп ашылатынын сөз етті.

«Түркістанның орналасқан жері - тоғыз жолдың торабы. Қытайдан біз арқылы Европаға өтетін дәліз бар. Темір жол бар. Сондықтан тәуелсіз Қазақстанымызда тағы бір керемет орталық, тарихи қала бой көтеріп отыр. Бұл - бәріміздің қуанышымыз. Ендігі жылы көп ғимараттар іске қосылып, жаңа нысандар салынып, осы жерде тағы кездесеміз»,- деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанның алдағы уақытта тарихи, мәдени орталыққа айналатынына сенім білдірді.

«Кесенені жөндеуден өткіздік, өздеріңіз білесіздер. Қожа Ахмет Ясауи атындағы университет ашылды. Көп шаруалар өз ретімен жасалып жатыр. Мұның барлығының соңғы міндеті - облыс орталығын салу еді. Оған да, мінекей, куә болып отырмыз. Сондықтан баршаңызды осындай бастамамен құттықтаймын. Түркістан үлкен қалаға айналып, жан-жақтан туристер келетін болады. Биылдың өзінде бір миллионнан астам турист келіпті. Ал, мына ғимараттар салынғаннан кейін тарихи, мәдени орталық қалыптасып, туристер қарасы одан сайын көбейеді. Демек, түркістандықтар жұмыссыз қалмайды. Мына салынып жатқан ғимараттарда, қонақүйлерде қаншама түркістандықтар жұмыс істейтін болады. Барлығы осы шаһардан нәпақасын тауып, халықтың әл-ауқаты жақсарады. Қазақстанымыз жасай берсін, Түркістан жасай берсін»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар