Түркістанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жазылған мюзиклдің премьерасы өтті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жазылған  «Махаббат мұнарасы» мюзиклінің премьерасы өтті. Туынды облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық Опера және балет театрының ұйымдастыруымен алғаш рет қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мюзиклдің әуенін жазған - Мақтаарал ауданының тумасы, композитор, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы Светлана Ахметова. Музыкасын өңдеген - Бәйдібек ауданының тумасы, композитор, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы Руслан Шынықұлов. Ал мюзиклдің сөзін жазған - жас ақын Мұқағали Кенжетайұлы. Музыкалық жетекшісі, театр директоры - ҚР Мәдениет қайраткері Әбдіхан Нұрмаханбетов. Қоюшы-режиссері - Елік Нұрсұлтан, қоюшы-балетмейстер - Гүлжан Дәулетқұлова, қоюшы-суретші - Дәулетияр Балтабаев болса, көркемдік жетекшісі - Ерлан Жандарбай.

Басты кейіпкерлерді сомдағандар Әйгерім Жұмабек, Мәдіхан Дүйсеев, Айбек Қанатбек, Күнайым Исмаилова, Айдар Байымбетов, Маржан Шәріпхан, Бақытжан Тұрсыманов сынды театрдың жас әрі тәжірибелі әртістері. Қойылым басталар алдында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйлеп, театр ұжымына шығармашылық табыстар тіледі. Талантымен талайды тәнті еткен өнерпаздардың өнеріне өңір басшысы өз ризашылығын білдірді.

«Премьераны тамашалауға қала тұрғындарының, әсіресе жастардың көптеп келуі көңілге қуаныш сыйлайды. Бұл халқымыздың тың дүниеге қызығушылық танытып, мәдениетіміздің өркендегенінің дәлелі іспетті. Астана қаласында қойылған мюзикл жаңа облыс орталығында тұңғыш рет сахналануда. Екі көріністен тұратын туынды театр репертуарындағы үздік қойылымдардың біріне айналарына сенімім кәміл. Рухани құндылығы мол мұндай дүниелердің жандануына қолдау білдіріп, насихатталуын қолға алуымыз қажет. Сондықтан да тіл мен ұлтқа бөлінбейтін киелі өнер ұландарының өнерін шетелге танытуды да басты назарға алып, еліміздің мерейін осы арқылы асқақтатуға қадам жасауға болады. Ұлттық өнерді дамытуға үлес қосып, халықтың алғысына бөлену жолындағы еңбектеріңіз еселене берсін», - деді Жансейіт Түймебаев.

Айта кетейік, махаббат лирикасы бейнеленген туындыны сахналауға театрдың 60-тан астам әртісі күш салды. Адалдық пен батылдық, қызғаныш пен күрес көріністері суреттелген қойылым көрермендер көңілінен шығып, зор қошеметке ие болды.

Соңғы жаңалықтар