Түркістанда «Рухани керуен» жобасының мүшелерімен кездесу өтті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанға «Жер жәннаты – Жетісу жерінен түркі халықтарының киелі мекені – Түркістан өңіріне» атты рухани керуен келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. ​

Түркістан және Алматы облыстық мәслихаттарының қолдауымен, Алматы облысының дін істері басқармасы мен Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы ұйымдастыруымен өткізілген келелі кездесуде қонақтар мен Түркістан жұртшылығы пікір алмасып, тағылымды оймен бөлісті. ​

Киелі Түркістан жеріне келген мәртебелі қонақтар алдымен Қ.А.Ясауи кесенесіне зиярат етіп, ата-баба рухына құран бағыштады. Бұдан соң қалалық мәдениет үйінде ұйымдастырылған кездесуге қатысты.

Жүздесуде Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев бүгінгі шараның маңыздылығын ерекше атай келе, «Елдік жобаның түркі халықтарының киелі мекені – Түркістан өңіріне табан тіреуі рухани сапардың мәнін айшықтағандай. Жетісу өңіріне қарасты шекара аймақтарын аралаған «Рухани керуен» ІІІ кезеңінің сапары Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын, дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, әріптестік байланысты нығайту, діннің асыл құндылықтарын, ұлттық, мәдени салт-дәстүрімізді жан-жақты дәріптейді. Сол себепті, ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміздің қасиетті ұғымын ұлықтау әрбір азаматтың парызы деп білемін» - деді.​

Ал, шараға қатысқан Алматы облысы мәслихатының хатшысы Сұлтан Дүйсенбинов, Алматы облыстық дін істері басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, ғылым комитетінің​ философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері, Республикалық ақпараттық түсіндіру топ мүшесі, дінтанушы, Phd докторы - Алмасбек Шағырбаев, облыстық «Жетісу» телеарнасының бас продюсері, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасының ақпарат саласының үздігі, ақын Жұматай Әміреев те арнайы сөз сөйлеп, ​ Елбасының бағдарламалық мақаласында көрсетілген басты бағыттар бойынша берілген тапсырмалар туралы ой қозғады.

Жиын соңында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы мен Алматы облысының дін істері басқармасының арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды.

Айта кетейік, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2017 жылы бастау алған республикалық жобаның ІІІ кезеңі 6 бағыт бойынша Алматы облысының 11 ауданының шекара аймақтарын қамтып өткен болатын.

Биыл «Рухани керуен» жобасының аясы кеңейіп, «Жер жәннаты – Жетісу жерінен Түркі халықтарының киелі мекені – Түркістан өңіріне» сапар ұйымдастырылып отыр.

Мақсат - Қазақстан халқының дәстүрлі рухани мәдениетін елімізде ілгерілету, мемлекетіміздің рухани тірегі болған асыл дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын дәріптеу.

Келесі жылы «Рухани керуен» жобасы бойынша түркістандықтар Жетісу жеріне арнайы сапарға шығатын болды.

Сондай-ақ кездесу соңында Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясынан келген әншілердің концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар