Түркістанда полициядан қашқан көлік жүргізушісі мерт болды

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында бірнеше көлік соқтығысқан жол апаты бойынша тергеу жүріп жатыр, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 28 қыркүйек күні Төлеби ауданы Көксайек ауылында болған. Ваз-2103, Audi 100, Mazda 626 көліктері соқтығысып, бір адам көз жұмды.

Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, Төлеби аудандық полиция бөлімінің тәртіп сақшылары жүрісі күдік тудырған көлікті тоқтатпақшы болған. Ал, көлік иесі одан сайын жылдамдықты асырып, қаша жөнелген. Содан қашқан автокөлік басқа да көліктерге соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Ваз 2103 көлігінің жүргізушісі оқиға орнында мерт болып, оның жолаушысы мен Audi 100 автокөлігінің жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға түсті.

«Оқиға орнына Төлеби АПБ-ның басшылығы мен прокурорлар, жедел-тергеу тобы шықты. Аталған жайт Төлеби АПБ-ға ҚР ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігімен тіркелді. Сол күні қажетті бірқатар сараптамалар тағайындалды. Ал қайтыс болған жүргізушінің туыстары жол апаты бойынша полиция қызметкерлерінің үстінен арызданды. Олардың шағымы бірден тіркеуге алынып, Түркістан облысы полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметтік тергеу жүргізіп жатыр» - делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қазіргі таңда жол апатының себеп-салдары мен мән-жайын анықтауға қатысты жан-жақты тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптама нәтижесі де күтіліп отыр. Заңға сәйкес сараптама қорытындысымен нақты процессуалдық шешім қабылданатын болады. Аталған істі Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы жеке бақылауына алған.



Фото: polisia.kz






Соңғы жаңалықтар