Түркістанда полицейлер мейрамханада өтіп жатқан үйлену тойын тарқатты

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында полицейлер карантин кезінде өтіп жатқан кезекті тойды тоқтатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Түркістан облысының аумағында тұрғындар арасында коронавирус инфекциясының таралу қаупіне байланысты карантин режимі енгізілгені белгілі.

Алайда, санитарлық және шектеу шараларын елемейтін азаматтардың саны азаймай отыр. Құқықбұзушылар үйлену және отбасылық іс-шараларды өткізу арқылы шақырылған туыстары мен қонақтарды, жақындарының денсаулығына қауіп төндіруде.

«Мәселен, Түркістан облысының орталығында Түркістан ЖПҚ ҚПБ қызметкерлері жергілікті тұрғындардың бірінің карантин шараларын бұзу жайтын анықтады. Рейд барысында мейрамханалар, кафелер мен басқа да адам көп жиналатын орындарды тексеру кезінде полиция қызметкерлері өтіп жатқан тойды тоқтатты. Осыдан соң тәртіп сақшылары үйлену той ұйымдастырушыларымен және қатысушыларымен түсіндіру әңгімесін жүргізіп, қонақтарды тойханадан таратты» делінген хабарламада.


Тойхана әкімшісі мен той ұйымдастырушысына қатысты ҚР ӘҚБтК 425-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жиналған материалдар заңды шешім қабылдау үшін тиісті органдарға жіберілді.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға коронавирусқа байланысты енгізілген карантин шараларын міндетті түрде қатаң сақтауды ескертеді.

Бас санитар дәрігердің қаулысының талаптарын қатаң сақтау, бетперде кию және арақашықтықты сақтау қажет.


Соңғы жаңалықтар