Түркістанда өз кәсібін ашқандар көбейіп келеді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында жергілікті әкімдік пен қаржы ұйымдары тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетілуде. Осы мемлекеттік қолдаулар нәтижесінде өңірде кәсіпкерлікке бет бұрғандар саны артып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында шағын және орта бизнесті дамыту бағытында құрылған «Ырыс» микроқаржы ұйымы жыл басынан бері 4 387,7 млн теңгені құрайтын 1 228 жобаны қаржыландырды. Жүзеге асқан жобалар бойынша 1 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Қаржыландырылған жобалардың 31,9 пайызы мал шаруашылығын дамытуға бағытталған.

Нақтырақ айтсақ, 371 жобаға несие бөлген. Ал, көктемгі егістік жұмыстары бойынша 766 жоба, жылыжай шаруашылығы бойынша 15 жобаға қолдау көрсетілген. Өндіріс, құс шаруашылығы, қызмет көрсету және өзге де салаларға қаржылай қолдау жасалды.

Мәселен Түркістан қаласының тұрғыны Тұрғанбай Ахметов «Ырыс» микроқаржы ұйымынан «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 10 млн теңге жеңілдетілген несие алған. Осы қаржыға бірнеше құрылғы сатып алып, «Датқа» деп аталатын жеке кәсіпорын ашқан. Қазіргі таңда кәсіпкер тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеп, полиэтилен және пластик құбырға қажетті шикізат өндіруде. Осы кәсібі арқылы ол 11 адамды жұмыспен қамтып отыр. Енді картон қағаздарын өңдеуді қолға алмақшы.

Облыс орталығының тағы бір тұрғыны Жандар Исламбек «Ырыс» микроқаржы ұйымының «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 2 млн теңге несие алған. Бүгінде жас кәсіпкер автокөлік май сүзгілерінің 286 түрін өндіруде. Осы кәсібі арқылы 8 адамды жұмыспен қамтып, айына 20 мың дана сүзгі шығаруда. Бұл сүзгілер Түркістан облысы мен Шымкент қаласына сатылуда.

Айта кетейік, «Ырыс» микроқаржы ұйымы ашылған сәттен бастап 17 367 жобаны қолдап, 16 мыңнан астам жаңа жұмыс орынын ашылуына ықпал етті. «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында 18 бен 29 жас аралығындағы іскер жастарға 20 млн теңге несие берілген. Сонымен бірге, «Ырыс» микроқаржы ұйымы фермерлерге алдын-ала төлемсіз қаржы лизингін беріп, «Ырыс-Өркендеу» деп бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге ауыл шаруашылық техникасын сатып алуға қолдау көрсетуде.

Соңғы жаңалықтар