Түркістанда ойнап жүріп адасып кеткен апалы-інілі бүлдіршіндер табылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының полицейлері үйінен шығып, 15 шақырым жерге дейін адасып кеткен қос бүлдіршінді тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістанда полиция қызметкері, полиция капитаны Марат Сұлтанханұлы Омаров өз міндетін атқару кезінде, жол бойында адасып, жылап тұрған қос бүлдіршінді байқайды.

Тәртіп сақшысы небары 7 және 3 жасар балалардың жанына келіп, олардан тұрғылықты мекенжайлары мен қандай да бір мәлімет білуге тырысады.

Бірақ жылағаннан шаршаған балалар үрейленіп, нақты мәлімет бере алмайды.

Балалардың адасып кеткенін түсінген тәртіп сақшысы оларды Түркістан қалалық полиция басқармасына жеткізеді.

Ол жерде тамақтандырып, арнайы психолог мамандарымен бірге әңгімеге тартып, жұбатады.

Осыдан соң барша жергілікті полиция қызметінің полицейлеріне хабар беріліп, бүлдіршіндердің суреті жолданып, ата-анасын іздестіре бастайды.

Осылайша бірнеше сағаттың ішінде балалардың жақындары анықталды. Олар полицияға арызданбастан, өз бетінше 7 жасар қызы мен 3 жасар ұлын іздеп жүрген екен.

Белгілі болғандай, қос бүлдіршін ойнап жүріп, адасып, үйінен 15 шақырым жерге дейін алыстап кеткен.

Полицейлер олар іздеп жүрген қос бүлдіршін табылғанын айтқанда, анасы қуанып, полиция қызметкерлеріне ризашылығын жеткізді.

«Ұлым мен қызым үйден шығып кетіп, жоғалып қалған еді. Түркістан қалалық полиция қызметкерлеріне көп-көп рақмет. Алла разы болсын, өз жұмысына адал жандар», -деп жүрекжарды сөзін арнады.

Түркістан облысының полицейлері барша азаматтарға балаларға абай болып, сыртқа ойнауға шыққанда қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді.


Соңғы жаңалықтар