Түркістанда «Отандастар» форумы өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Отандастар» қорының президенті Нұртай Әбіқаев осы жылдың күзінде Түркістанда «Отандастар» форумын өткізу жоспарда бар екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Былтыр Қазақстанда «Қасиетті Қазақ елі» атты өнер фестивалі өткізілген еді. Биыл да ол шараны кең ауқымда ұйымдастыратын боламыз. Сонымен бірге, үстіміздегі жылы Түркістанда «Отандастар» форумын өткізуді ұсынып отырмыз. «Киелі Қазақстан», «Жастар слеті» қатарлы шаралар да бар. Шетелдегі қазақ әуендерінің концертін де ұйымдастырсақ дейміз. «Отандастар» атты кітапхана ашу көзделіп отыр. Осындай біршама іс-шаралар легін өткізуді қолға алып жатырмыз», - деді Нұртай Әбіқаев Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен меморандумға қол қою кезінде.

Өз кезегінде Арыстанбек Мұхамедиұлы бүгінгі меморандумның маңызы жоғары екенін атап өтті.

«Елбасы тапсырмасына сәйкес, шетелдегі қандастарымызға, отандастарымызға жан-жақты көмек көрсету керек. Әрине, шеттегі қазақтар үшін еліміздегі әдебиет, тарихи мәліметтер қолжетімді болуы тиіс. Осы мақсатта біздің министрлік жыл сайын шетелде жүрген қандастарымыздың шығармаларын, кітаптарын Қазақстан қаржысы есебінен елге таратып отырмыз. Сол секілді шетелдегі қандастарымыз Қазақстандағы ірі фестивальдер мен конкурстарға қатыса алатындай жағдай жасап келеміз», - деді министр.

Еске сала кетсек, бүгін «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаев пен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы шетелдегі қазақтарды қолдауға бағытталған меморандумға қол қойған болатын.

Соңғы жаңалықтар