Түркістанда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІI сессиясы өтті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістанда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІI сессиясы өтті. Күн тәртібінде Елбасы, ҚХА Төрағасы Н. Назарбаевтың «Татулық пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғыру» тақырыбымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVII сессиясында айтылған ой-пікірлері тағы бір сараланып, оны іске асыру барысы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқосуға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов пен облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, құқық қорғау органдарының жетекшілері, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері қатысты. Сондай-ақ, облыстық ассамблея жанындағы құрылымдардың жетекшілері, этномәдени бірлестіктердің, діни конфессиялардың, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, ардагерлер мен кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері шақырылды. Алқалы жиында мемлекеттік саясат аясында атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы негізгі міндеттер айқындалды.

«1995 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы осы уақыт аралығында өзіне жүктелген тарихи миссияны үлкен абыроймен атқарып келеді. ҚР Тұңғыш Президентінің сарабдал саясатының арқасында жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісім – еліміздің басты тұғырына айналды. Алдымызда сан-қырлы міндеттер тұр. Ең бастысы – ішкі бірлікті бекемдеу болса, екіншісі – облыс орталығы Түркістанды түлету», – деді облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов.

Жиында сондай-ақ, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан және ел бірлігін қалыптастыруға үлес қосқан этномәдени бірлестіктің мүшелері, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты жергілікті жерде табысты іске асыруға үлес қосқан бірқатар азаматтар Түркістан облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, өңірде 11 этномәдени бірлестік пен олардың аудандық, қалалық 7 филиалы және 14 өкілдігі жұмыс атқарады. Әр этностың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, мәдениеті мен тілін дәріптеу бағытында этномәдени бірлестіктер жанынан жексенбілік мектептер мен жастар қанаты ашылған.

Соңғы жаңалықтар