Түркістанда Нью-Йорктің үздік полицейі Димаш Ниязовтың қатысуымен халықтық кеңсе ашылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістан қалалық Полиция басқармасының жанынан тұрғындарды қабылдауға арналған халықтық-кеңсе салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа ғимараттың ашылуына ҚР ІІМ Қоғамдық кеңес мүшесі Марат Қоғамов, ҚР мониторингтік топ басшысы Айгуль Соловьева, Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков және Нью-Йорк қаласының үздік полицейі, жерлесіміз Димаш Ниязов, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары М.Базарқұлов, Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Хаким Көшқалиев, ІІО-ның ардагерлері мен жеке құрам қатысты.

Ашылу салтанатында алғы сөз алған полиция генерал-майоры Қ.Дәлбеков «Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты 16 ауданда заманауи үлгідегі халықтық-кеңселер ашылды. Қазіргі таңда олар тұрғындар үшін өз қызметтерін жасауда. Полицияның ашықтығы мен қолжетімділігін көздейтін халықтық-кеңселерде облыс бойынша бүгінгі күнге дейін мыңдаған азаматтарға көмек көрсетті»,- деп атап өтті. Сонымен қатар, іс-шараға қатысқан құрметті қонақтар да полицейлердің халық үшін атқарып жатқан ауқымды істеріне оң бағасын беріп, Түркістан облысы полицейлерінің мәртебесі қашанда биік екендігін айтты.

Халықтық-кеңсе – полицияның ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Мұнда тұрғындар полицияға қатысты көкейдегі сауалдарын қойып, нақты жауаптар ала алады. Яғни әрбір арыз-шағым кезексіз осы жерде қаралып, тиісті мамандарға жолданады. Халықтық-кеңсе азаматтардың игілігі үшін қызмет ететін болады. Аталған фронт-офисте жеке құрам және тергеу, әкімшілік полиция құрылымы, құжаттамамен қамтамасыз ету бөлімінің мамандары тұрғындарды қабылдайды. Азаматтар аптаның дүйсенбісі мен жұма күндері аралығында таңғы 09:00-ден кешкі 19:00-ге дейін жұмыс жасайтын кеңсеге келіп, полиция қызметіне байланысты сұрақтарына жауап, мәселелеріне құқықтық-кеңестер алады. Заманауи нысанда халыққа ыңғайлы болу үшін барлық жағдай жасалған және бейнебақылау жүйесімен қамтылған.

Соңғы жаңалықтар