Түркістанда мұз сарайы мен «Дарын» мектеп-интернаты салынып жатыр

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістанды абаттандыру жұмыстары мен бірқатар құрылыс нысандарының жай-күйін бағдарлау үшін шаһарды кезекті рет аралап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы әуежай бағытындағы аумақтағы жасыл белдеу мен Шаға көлінің жағдайымен танысып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын тексерді.

Одан кейін өңір басшысы Түркістан қаласының дамуында аса маңызды бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Солардың бірі – қысқы спорт түрлеріне арналған ғимарат. Мұз сарайының құрылысы биыл тамыз айында басталған. Жалпы жер аумағы – 1,92 гектар, ғимарат құрылысының көлемі – 4160,9 шаршы метр. Бүгінде нысанның іргетасы қаланып, бірінші қабатын көтеру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл ғимаратта қысқы спорт түрлері дамытылып, үйірмелер ашылады. Түркістан тарихында тұңғыш рет қысқы спортпен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік жасалады.

Аймақ басшысы Түркістанда бәсекеге қабілетті білім ұяларының бой көтеруіне айрықша басымдық береді. «Дарын» мектеп-интернатының құрылысына арнайы барған ол нысанды уақытылы әрі сапалы тапсыру керектігін айтты. 700 оқушыға арналған мектеп пен 500 орындық жатақхананың құрылысын 70 жұмысшы жүргізіп жатыр. Құрылыс жұмыстары биыл сәуір айында басталған. Оқу корпусының іргетасы құйылып, кірпіші қалануда. Жатақхананың да іргетасы дайын. Бұл нысан 2022 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Сондай-ақ, Түркістанда 25 бригадаға арналған облыстық жедел жәрдем станциясының да құрылысы жүріп жатыр. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды. Әкімшілік ғимаратының кірпіші қаланып, бағаналары құйылған, ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар 25 жедел жәрдем көлігіне арналған гараж, көлік жуатын орын, автокөлік шеберханасының қабырғалары қаланған.

Өмірзақ Шөкеев әрбір нысанның облыс үшін маңызы барын айта келе мердігерлер мен жауапты басшыларға жұмысты жанашырлықпен атқаруды тапсырды. Ғимараттардың сапасы әкімдік тарапынан қатаң қадағаланып, талапқа сай болуына мән беріледі.



Соңғы жаңалықтар