Түркістанда лимон өсірем дегендер арнайы курстан өтеді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында лимон өсіру ісін жандандыруға арналған оқыту курсы ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Түркістандық кәсіпкер Нұрсұлтан Жүсіпбаев бірнеше жылдан бері лимон өсірумен айналысады. 1 гектарды қамтитын лимон бағына 2200 түп лимон көшеті отырғызылған.

Кәсіпкер былтыр жылыжайда 4 тонна өнім өндірген. Жоспар бойынша биылғы меже 12 тоннаға жетуі ықтимал. Лимон бағында 30 шақты бағбан жұмыс істейді.

«Лимон ағашының күтіміне айрықша көңіл бөлініп өсірілген жағдайда бір түбі 150-200 келіге дейін өнім береді. 1 келі лимонның көтерме бағасы 1000 теңгеге дейін бағаланады. Бұл 3-4 жылдың шығынын өтеуге және табысқа кенелуге жеткілікті. Сұранысқа ие өнім негізінен ішкі нарықта саудалануда», - дейді «Иассы» консорциумының басшысы Нұрсұлтан Үмбетұлы.

Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбековтың сөзінше, аталған бизнестің қаражат қайтарымдылығы мен тиімділігі жоғары.

Бүгінде көп уақыт пен шыдамдылықты қажет ететін кәсіп түріне қызуғушылық артқанымен, күтіп-баптау ісінде білікті мамандар тапшы.

Өңірде лимон өсіру кәсібімен айналысатын кәсіпкерлер мен қажетті жұмысшыларды тәжірибеден өткізу бағытында тиісті шаралар қолға алынбақ.

Яғни, білікті мамандар даярлау үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы мен «Иассы» консорциумы арнайы оқыту курстарын ұйымдастырады.


Соңғы жаңалықтар