Түркістанда көпфункционалды заманауи жастар орталығы ашылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында жастар жылына орай алғаш рет көпфункционалды, жаңа үлгідегі замануи Жастар ресурстық орталығының ғимараты ашылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова, барлық аудан қала әкімдері, басқарма басшылары, республикалық қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен 200-ден астам белсенді жастар қатысты.

Өңір басшысы Жансейіт Түймебаев жиналғандарды Жастар жылының басталуымен және жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.

«Мен бүгін сіздермен әкім ретінде емес, замандастарыңыз ретінде еркін пікір алмасқым келеді. Өйткені ең талантты, ең дарынды, ең отаншыл, ең еңбекқор жастар Түркістан облысында тұрады деп есептеймін! Биыл жастар үшін ерекше жыл болғалы тұр. Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен елімізде жастарды қолдау бағытындағы жұмыстар күшейтіледі. Облысымызда да жоспарлар жасалып, нақты жұмыстар басталып кетті. Осы кездесудің алдында мен жаңадан ашылған ғимаратты аралап, танысып шықтым. Мұнда жастардың жан-жақты дамуына, бойындағы өнері мен қабілеттерін арттыруына толық жағдай жасалған. Мысалы, кәсіпкерлікпен айналысам деушілерге Коворкинг орталығы, ІТ-park, заңгерлік кеңестер қарастырылған. Сонымен бірге, еріктілер клубы, «Жас сарбаз», электронды кітапхана, тілдер мектебі, интернет желісі, мәжіліс залы, спорт алаңшалары және тағы басқа игіліктер бар. Бұл - Сіздер үшін жасалған үлкен қолдау. Енді осы жастар орталығында өрендеріміз өздерін дамытып, білімдерін шыңдауы тиіс», - деді Жансейіт Түймебаев.
null

Көпфункционалды жаңа үлгідегі Жастар орталығы бір мезетте 400-ге жуық жасқа қызмет көрсете алады. Орталықта «Жастарға қызмет көрсету» орталығы, «Мобильді топ», Turkistan HUB coworking zone, IT PARK, Робототехника мектептері, Коворкинг алаңы, электронды кітапхана, «Жас сарбаз», «Еріктілер мектебі», «Құрылыс жасақтары», «Тілдер мектебі», түрлі жастар ұйымдары, медиа студия және психологиялық терапия секілді көптеген жастар клубтары, мектептер мен үйірмелер жұмыс жасайды. Сондай-ақ, ғимарат ішінде «relax zone» демалыс аймағы, ғимараттың сыртқы бөлігінде футбол, волейбол, баскетбол, теннис ойнауға арналған спорттық алаңшалар орналасқан.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Түркістан облысында жалпы халықтың 25,2 пайызын құрайтын 501 369 жас бар. Оның ішінде 86 416 жас қалалық жерден болса, 414 953 жас ауылда тұрады. Сонымен қатар, аймақтың барлық ауыл-қалаларында жастарға қызмет көрсететін әкімдікке қарасты Жастар ресурстық орталықтары мен 4 республикалық жастар ұйымдарының филиалы және этномәдени орталықтар жанында жастар қанаттары жұмыс істейді.

null

Соңғы жаңалықтар