Түркістанда көне алтын-күміс, қола тиындар, динар, дирхем қойылған нумизматика көрмесі ашылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің ұйымдастыруымен 15 қараша – ұлттық валюта теңге күніне орай «Нумизматикалық материалдар бойынша Түркістан тарихы» көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан аумағының ақша айналымынан сыр шертіп, өлке тарихын зерделеушілер үшін тың деректерге толы жәдігерлер топтамасын ұсынған көрмені қорық-музей директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев құттықтау сөзбен ашты.

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейі назарларыңызға «Нумизматикалық материалдар бойынша Түркістан тарихы» атты көрмені ұсынып отырмыз. Көрмеге музей қорында жинақталған материалдар негізінде өлкенің түрлі тарихи кезеңдердегі материалдық-әлеуметтік, саяси-рухани өмірінен хабар беретін нумизматикалық жәдігерлер орналастырылды. Музей қорында 26 мыңға жуық жәдігер болса, оның 14 137 -і нумизматикалық мұра. Әрбір мұраның өз кезеңіне сай тарихи маңызы зор»,-деді Ерсін Тәжібаев.

Көрме экспозициясында Түркістаннан табылған ең көне нумизматикалық жәдігер – Кушан патшалығының б.з. ІІ ғасырындағы билеушісі Хувишка І патша тұсында соғылған қола ақшасы, әлемде жалғыз үлгісі ғана белгілі болып отырған Шыңғыс хан атымен Самарқанда соғылған алтын динар мен Ясы-Күлтөбе ескерткішіндегі өмірдің тоқталуын нақтылап бере алатын Шағатай ұлысының күміс дирхемдері мен мыс фельстер көмбесі, Алтын орда мемлекетінің оңтүстік-шығыс шекарасының қай тұстан өткендігін нақтылауға көмек бере алатын тиындар мен тағы да басқа өлке тарихын зерттеуде маңызды рөл атқаратын материалдар ұсынылды.

Көрме экспозициясы 5 бөлімге бөлінді. Бірінші бөлімде Түркістан оазисінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ертеортағасырлық нумизматикалық материалдар (ІІ-VIII ғғ.);

Екінші бөлімде Сырдарияның орта және төменгі ағысы аумағынан табылған Қарахан және Ануштегіндер мемлекеттеріне қатысты нумизматикалық материалдар (ХІ-ХІІІ ғғ.);

Үшінші бөлімде Түркістан аумағынан табылған ХІІІ ғ. алғашқы ширегі мен ХІІІ ғ. орта тұсында соғылған нумизматикалық материалдар;

Төртінші бөлімде ескі Түркістанда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған Шағатай ұлысының ақшалары;

Бесінші бөлімде Түркістан аумағынан табылған, XIV ғ. тән Алтын орда мемлекетінің пулдары мен дангтары орналастырылды.

«Көне Ясы –Жібек жолы өтетін Түркістанның бойындағы маңызды бекеттердің бірі болғандығын Ясы-Күлтөбе, ортағасырлық Түркістанның тарихи ескерткіштерінде үздіксіз жүргізіліп отырған археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған нумизматикалық материалдар растайды.

Қазіргі таңда Қазақстан археологтарының Көне Түркістанда жүргізген қазба жұмыстары нәтижесінде табылған ертеортағасыр мен ХХ ғасырға дейінгі уақыт аралығына тән нумизматикалық табыстар және кездейсоқ табылған тиындар өлкедегі сауда-саттықты, діни-рухани, саяси ахуалды зерттеуге мүмкіндік бере алатын едәуір көлемдегі материалдар ұсына алады»,-дейді қор сақтау бөлімінің басшысы Нұржамал Әшірбаева.

Көрменің ашылуына тарихшылар мен ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, студенттер мен оқушылар, музей қызметкерлері қатысты.

«Нумизматкалық материалдар бойынша Түркістан тарихы» көрмесі бір ай бойы істейді.


Соңғы жаңалықтар