Түркістанда қолөнершілердің көрмесі өтті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында «Ұлттық қолөнер - Ұлы мұра» атты қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, БАҚ өкілдері, көрме қонақтары мен барлық аудан, қаладан қолөнер шеберлері қатысты.

Ерекше көрме ұлттық қолөнерді дамыту мен қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету, сондай-ақ, олардың жасаған бұйымдарын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Жас әрі дарынды қолөнершілерді анықтап, аймақта туризмді дамытуға ықпал етуге бағытталды. Бабадан қалған қолөнерді ұрпақ санасына сіңіріп, кәсіп ретінде дамыту үшін өткізілді. Мерекенің негізгі бөлігі «Есімхан» алаңында жалғасты.

Онда «Ұлттық қолөнер» шеберлерінің еңбегін сипаттайтын бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр жұртшылықты Алғыс айту күнімен және қолөнер шеберлерінің көрмесінің ашылуымен құттықтады.

«1 Наурыз алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Көктемнің алғашқы күнімен бірге келген шуақты мереке бір-бірімізге деген сыйластықты арттырып, бірлігімізді бекемдей түседі. Қазақ халқының мейірбандығын көрсететін мейрам құтты болсын! Түркістан қаласы көне замандардан бері кәсіпкерлік пен қолөнердің орталығы болған. Бүгінгі іс-шара арқылы өңіріміздегі үздік қолөнер шеберлерін анықтап, оларға қолдау көрсетуді көздеп отырмыз. Екіншіден, Түркістан облысы үшін туризм саласының орны ерекше. Ал туризм дамуы үшін қолөнеріміз де дамуы тиіс. Сондықтан шеберлерге жағдай жасалып, шағын кәсіпорындар ашылуы қажет», - деді Ербол Садыр.

Қолөнер көрмесінде зергерлік бұйымдар, керамика, ағаш ою, былғарыны көркемдеп өңдеу, тоқыма, киіз басу және өзге де салалар бойынша үздік атанған шеберлерге арнайы диплом мен сыйлықтар тапсырылды. Көрме соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.

Соңғы жаңалықтар