Түркістанда Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналған халықаралық турнир басталды

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналған «Азия кубогы» халықаралық турнирі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістанда қазақ күресінен ересектер арасында Қажымұқан Мұңайтпасовтың жүлдесіне арналған Халықаралық турнирі өтуде. Дәстүрлі жарыста Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай мемлекеттері мен еліміздің барлық өңірлерінен келген 300-ге жуық спортшы бақ сынап жатыр.

Азия кубогында сайдың тасындай іріктелеген білекті де жүректі балуандарға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сабитов сәттілік тіледі.

«Қазақ күресі – ұлттық спорт түрлерінің ішінде өзіндік орны бар ерекше спорттың түрі. Қазіргі уақытта әлемнің 40-тан аса елінде ұлттық күресімізден федерациялар құрылып, жұмыс атқаруда. Қазақ күресінен Әлем, Азия, Африка және Еуропа чемпионаттары өткізіліп, дамудың жаңа деңгейіне көтерілді. Кейінгі он жыл көлемінде өтіп жатқан «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» және «Әлем барысы» додалары да бүгінде көрермен көзайымына айналып отыр. Біз ұлттық спортымызға қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз!» – делінген құттықтау хатында.

2 күн бойы жалғасатын балуандар белдесуінде 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, +100 келі салмақ дәрежесіндегі үздіктер анықталатын болады. Жарыстың бас төрешісі Ерлан Иманғалиевтің айтуынша, жеңімпаздарға қаржылай сый-сипат ұсынылып, түйе балуанға автокөліктің кілті табысталмақ.

Айта кетейік, жуырда Түркістан қаласында қазақ күресінен «Тұран барысы» Азия кубогы ұйымдастырылып, жарыс нәтижесінде Қазақстан құрама командасы жеңімпаз атанған болатын.


Соңғы жаңалықтар