Түркістанда қандай тауарлар экспортталады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында сыртқы сауда экспорты дамып, қарқынды жүзеге асырылуда. Өңірде отандық тауар өндірушілердің экспортын ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақта негізгі шикізаттық емес экспортталатын тауарлар қатарында уран, ұн, трансформаторлар мен балық өнімдері және күркетауық еті бар. Инвесторлар мен экспорттаушыларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтердің кең түрін ұсынатын «Turkiston Invest» қызмет көрсету орталығы құрылған.

Сондай-ақ, «Turkiston Invest» орталығының көмегіне жүгінуші кәсіпкерлердің қатары да көбейген. Мәселен, компаниялар аталған орталықтың көмегімен көлік қызметтеріне, шетелдік көрмелерге қатысуға және тауарды шетелде жарнамалауға жұмсалған шығындарды өтеу үшін өтінім бере алады. Бүгінде «QazIndustry «СОО» АҚ - на Түркістан облысының 18 экспорттаушы компаниясы өтінім түсірген. Оның ішінде өткен жылы іске қосылған «CG Corp Global» ЖШС бар. Жылына 400 мың тез дайындалатын кеспе шығаратын зауыт өнімі бүгінде ішкі және сыртқы нарықта да сұранысқа ие. Сонымен қатар, өткен жылы Қазақстан мен Қытай арасында сүт өнімдерін экспорттау бойынша келісім жасалған болатын. Нәтижесінде «Golden Camel Group» зауыты ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап Қытайға 30 тонна құрғақ түйе сүтін экспорттаған. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 33 мың тоннаны құрайды және өнім толығымен экспортқа сай келеді. Ал, таяуда Өзбекстан Республикасының Ургенч қаласында өткен «агроөнеркәсіптік кооперация, өнеркәсіп және туризм саласындағы өңірлік бизнестің ынтымақтастығы» ІІ аймақаралық ынтымақтастық форумы аясында Түркістан облысы мен өзбекстандық кәсіпорындар арасында жалпы сомасы 50 млн АҚШ долларын құрайтын 3 экспорттық келісімге қол қойылды. Өңірде сондай-ақ, экспортқа бағдарланған «Standard Petroleum» ЖШС мұнай өңдеу зауыты бой көтереді. Жаңа зауыт Ордабасы ауданында 2021 жылы іске қосылмақ. Экспорт көлемі жылына 2 млн ақш долларын құрайды деп күтілуде. Жоба ясында мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жобаның жалпы құны 95 млрд теңгені құрайды.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында Түркістан облысының экспорт көлемі 54,9 млн АҚШ долларын (оның ішінде шикізаттық емес экспорт - 15 млн АҚШ) құраған.


Соңғы жаңалықтар