Түркістанда Қ.А. Ясауи еңбектері жинақталып, 9 кітап болып басылып шықты

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығында «Ясауи антологиясы» кітаптар жинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік унверситетінің профессоры Досай Кенжетайдың айтуынша, «Ясауи антологиясы» кітаптар жинағы 9 кітаптан тұрады. Онда көне қалалар, тарихта терең орын қалдырған тұлға есімдері, пайғамбарлар, әулиелер, тіпті Ислам тарихында аты қалған тұлғалардың есімдері де бар. Сондай-ақ, Қ.А.Ясауидің рухани адамгершілік тәлім-тәрбиесін, ағартушылық қызметінің, шығармашылық, тарихи еңбектерін талдау, негізге алу, философиялық танымдары қамтылған.

Кітаптың тұсаукесеріне зиялы қауым өкілдері мен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің оқытушылары, ясауитанушылар, білім және мәдениет саласының қызметкерлері және жастар қатысты.


Іс-шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ел руханияты тағы бір қазынаға молайғанына тоқталып, бұл кітаптың жас ғалымдар үшін маңызды көмекші құрал екенін атап өтті.

«Бүгінде Түркістанды Түркі әлемінің рухани-мәдени орталығына айналдыру бағытында игілікті істер атқарылып жатыр. Бұл орайда, күллі түркі әлемінің рухани астанасында республикалық және халықаралық деңгейдегі іс-шаралар қолға алынады», - деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Айта кетейік, бүгінде Түркістанда Ясауи музейі бой көтеріп жатыр. Мұражайда ғұлама мен оның шет мемлекеттердегі шәкірттерінің еңбектері қойылатын болады. Бұл ғимарат ұрпақты ізгілікке, ғылым мен білім үйренуге бағыттайтын бірегей сәулет нысаны болмақ.


Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


Соңғы жаңалықтар