Түркістанда Call-орталық қызметкері сәбиді өлімнен арашалап қалды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының жедел жәрдем қызметі сәбиді өлімнен арашалап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облыстық медициналық жедел-жәрдем қызметінің Call-орталығына Сарыағаш ауданынан шақырту түскен. Анықталғандай, 1 жасар сәби дәрінің үш данасын жұтып қойған. Дәрі өңешіне тұрып қалып, тұншыға бастаған.

Құтқару тобы шақыртуға шұғыл аттанып, 6 минутта жеткен. Бірақ олар келгенше Call-орталық диспетчері Құрбанай Латипова телефон арқылы баланың ата-анасына кеңес бере отырып, тыныс жолдарын ашуға жәрдем берген. Алғашқы медициналық көмек дер кезінде көрсетіліп, нәресте өлімнен аман қалды.

Қазір баланың тынысы еркін және жағдайы жақсы.

«Сәбиді құтқаруда ата-анасына кеңес беріп жатып, қобалжуға жол бермеуге тырыстым. Өйткені әрбір минут сол сәтте өте маңызды еді. Көмегім сәтті аяқталғанда көзімнен жас тамшылап кетті. Жедел-жәрдем қызметінің Call-орталығында диспетчер болып жұмыс істегеніме 1,5 жыл болды. Әр шақырту адам өмірін құтқаруда аса маңызды екенін түсінемін. Қызметіміз үлкен жауапкершілікті талап етеді», - дейді Құрбанай Латипова.

Жалпы, Түркістан облыстық медициналық жедел-жәрдем қызметіне жыл басынан бері 500 мыңға жуық шақырту түскен. Оның ішінде балалардың бөгде затқа қақалу оқиғалары 169 рет тіркелді. Дәрігерлер осы орайда балаларға аса мұқият болу керектігін ескертеді.


Соңғы жаңалықтар