Түркістанда бір күнде 500-ге жуық көпбалалы ана қоныс тойын тойлады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Түркістан қаласында 610 отбасы пәтерлі болды. Оның 470-і – көпбалалы ана, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрғындарға пәтер кілтін тапсырып, қуанышын бөлісті.

Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекетті дамытып, Түркістанға айрықша қолдау көрсетіп жатқанын атап өтті.

– Түркістанымыз түрленіп, туристер саны көбейіп келеді. Әкімшілік-іскерлік аумағында көпқабатты, зәулім үйлер бой көтеріп жатыр. Үйлермен қатар қаламызда көптеген әлеуметтік, мәдени және спорттық нысандар салынды. Келесі жылы «Түркістан-Шымкент-Ташкент» теміржолын салу жұмысы басталып, мегажоба қолға алынады. Түркістанның жан-жағын суландыру, су қоймалары мен жасанды көлдерді көбейту жүзеге асуда. Бұның бәрі – Тәуелсіздігіміздің жемісі – деді Өмірзақ Естайұлы.

Салтанатты жиында Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов жұртшылықты құттықтады.

Ұзақ уақыт күтіп, бүгін армандары орындалып, қуанышқа кенелген тұрғындар басшыларға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.

Сонымен қатар биыл баспанаға қолжетімділікті арттыру мақсатында Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығы аумағындағы 14 көпқабатты тұрғын үйдің 763 пәтері «Отбасы банк» арқылы және көпқабатты 3 тұрғын үйдің 151 пәтері «7-20-25» бағдарламасы арқылы тұрғындарға ұсынылды.

Келешекте де бұл жұмыстар жалғасын табады.

Облыс орталығында қазіргі таңда бюджет есебінен 7, 9 және 12 қабатты 67 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар