Түркістанда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында стартап жобаларды іске қосу, жұмыс істеп тұрған бизнесті одан әрі кеңейту және дамыту мақсатында бірқатар қызметтер көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты шараға қатысқан Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Ләззат Рамазанова әйелдерге өз мүмкіндіктерін іске асыруда орталық мол мүмкіндік беретінін жеткізді.

«Орталықтың мақсаты – кәсіпкер әйелдерді ақпараттандыру ғана емес, сондай-ақ жобаларды нақты қолдау және сүйемелдеу. Мұнда әйелдер бизнесін дамытуға бағытталған зерттеу, маркетинг, оқыту және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Алғашқы орталық бизнеспен белсенді айналысатын іскер әйелдері көп Түркістан облысында іске қосылды. Бұл бастама өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігін одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенімдімін», – деді Л. Рамазанова.

Түркістанда ашылған орталық еліміздің барлық өңірлік орталығы мен республикалық маңызы бар қалаларда ашылатын 17 орталықтың алғашқысы болып отыр.

Жоба ынтымақтастық қоры мен Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының әріптестігі аясында жүзеге асуда.

Азия Даму банкінің қаражаты есебінен қаржыландырылып, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы арқылы іске асады.

Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Арман Жетпісбаев өңірде кәсіпкерлікпен айналысушы әйелдер көбейгендігін айтып өтті.

Азия Даму Банкінің Қазақстандағы директоры Нариман Маннапбеков жаңа жоба әйелдерге өз бизнесін дамытуға, жаңа мамандықтарды игеріп, көшбасшылық әлеуетін жүзеге асыруға көмектесетінін жеткізді.

Ал, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш әйелдер кәсіпкерлігін дамытуды қолдау жобасын Қазақстанның түкпір-түкпірінде қолдауға әзір екендігін айтты.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев Қазақстанда әйелдер бизнесін ашу және дамыту кезінде кездесетін кедергілерді қоғамдық және қаржылық ұйымдар бірлесе шешетініне тоқталды.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенер болсақ, Қазақстанда әйелдер басқаратын кәсіпорындардың үлесі - 42,3%.

Олардың көпшілігі – шағын және орта бизнес нысандары.

Айта кетейік, биыл әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы Алматы және Маңғыстау облыстарында ашылады.

Ал, келесі жылы еліміздің барлық өңірінде ашу жоспарланып отыр.



Соңғы жаңалықтар