Түркістанда аса ірі көлемде алаяқтық жасаған ер адам 7 жылға сотталды
2022 жылғы 24 мамыр 09:53

Түркістанда аса ірі көлемде алаяқтық жасаған ер адам 7 жылға сотталды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында балалар үйіндегі жасөспірімді туысының атына жаздырып беремін деп алаяқтық жасап, сотталған ер адамның тағы бір қылмысы әшкере болды, ол 7 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан облысының полиция департаменті хабарлағандай, Сайрам аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Жарқынбай Дархан жәбірленушілерге ірі көлемде шығын келтіріп, алаяқтық жасаған күдікті жас жігіттің кінәсі дәлелдеп, істі сотқа өткізген.

«Былтыр наурызда Сайрам АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, ол 2020 жылы 21 қазанда Ақсукент-Қарамұрт бағытында таксиге отырған. Осы кезде жүргізуші оның Өзбекстан Республикасындағы балалар үйінде тәрбиеленіп жүрген немересін заңды түрде ҚР-ға алып келе алатынын айтып сендірген. Осылайша такси жүргізушісіне сенген әйел қайтыс болған қызының 2007 жылғы ұлын өзіне алу үшін 600 мың теңгеден астам ақша берген. Алайда арада бірнеше ай өтсе де, сайрамдық тұрғын немересімен қауышпаған. Алаяққа алданғанын білген әйел бірден полицейлерге арызданған. Аталған жайт ҚК-тің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді», - деп жазды ведомстводан.

Арада 1 аптаға жуық уақыт өткенде полицияға тағы бір арызданып, алаяққа алданғанын жеткізген. Бұл жолы жәбірленушіге ер адам жол-көлік апатынан қайтыс болған қызы мен күйеу баласының артында қалған екі немересін өз тегіне өткізіп беремін деп уәде берген. Оған жаңа танысқан алаяқ Нұр-Сұлтан қаласында ісін бітіріп бере алатын адамдары бар екенін айтып, сендірген. Осы қызметі үшін жәбірленушіден төрт млн теңге алған.

«Аса ірі мөлшердегі алаяқтық қылмысын ашуда жедел-тергеу тобы қажетті іс-шараларды жүзеге асырып, алаяқтық жасаған ер адамның жеке басын анықтады. Тексеру кезінде күдікті Төлеби аудандық сотымен бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп жатқан 33 жастағы ер адам екені белгілі болды. Яғни, күдікті сотталмас бұрын жоғарыдағы аталған қылмыстарды жасап, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап жіберген», - делінген хабарламада.

Күдіктіге қатысты іс құжаттар айыптау актісімен сотқа жолданды. Ал Сайрам ауданының соты 33 жастағы жас жігітті ҚК-тің 190-бабымен (Алаяқтық) кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ, ҚК-тің 58-бабы 6-бөлігін (Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жаза тағайындау) қолданып, алдыңғы 2021 жылғы 22 қаңтардағы үкіммен тағайындалған жазаны осы үкіммен тағайындалған жазаға ішінара қосып, түпкілікті 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылды.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT