Түркістанда арнайы экономикалық аймақ құру бастамасы өте орынды – Нұрмұхамед Байғараев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Aiqyn» газетінің бас редакторы, «Болашақ» президент бағдарламасының түлегі Нұрмұхамед Байғараев ТМЫК-тың бейресми самитіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарапшы Қазақстан үшін Түркі интеграциясын өзге де интеграциялық жобалармен қатар алып жүру маңызды екенін айтады.

«Менің ойымша, кешегі бейресми саммиттің өтуінің өзі маңызды. Қазақстанға Түркі интеграциясы өте қажет деп ойлаймын. Себебі, Еуразиялық Экономикалық Одақ бойынша бір бағытқа ғана тәуелді болып қалмау үшін оған баланс ретінде, тепе-теңдікті сақтау үшін түркі бағытындағы интеграцияны да қатар алып жүргеніміз керек. Экономикалық мүдделер болғанымен, көп жағдайда кез келген мемлекеттің түпкі болмысына, тегіне қарай тартылатыны жасырын емес», - дейді «Aiqyn» газетінің бас редакторы.

Ол, сондай-ақ, Қазақстан тарапының Түркістанда арнайы экономикалық аймақ құру туралы ұсынысы арадағы ынтымақты жаңа деңгейге шығаратын тетік болады деп отыр.

«Кешегі саммитке Қазақстан бастамашы болғандықтан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанда арнайы экономикалық одақ құру туралы ұсынысы да, Яссауи атындағы стипендиға 50 грант бөлу бастамасы орынды деп ойлаймын. Кез келген интеграция экономикалық бағытты да қамтуы керек. Әрине, бірінші кезеңде институтциялану жүреді. Өкілдіктер ашылып, білім мәдениет саласында байланыс жанданғаннан кейін экономикалық аймақтың жұмысы қызады деп топшылап отырмын. Соның аясында арнайы компаниялар құрылып, түркі елдерінің ынтымағы экономикалық деңгейге шығады. Сол кезде ғана мемлекеттер арасында шынайы сауда, шынайы интеграция басталуы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда Түркістанда арнайы экономикалық аймақ құру өте қажет жоба», - деді саясаттанушы.

Нұрмұхамед Байғараев арадағы байланысты нығайту үшін туыстас елдердің әрқайсысына 50 гранттан бөлсек те, көптік етпейді деп есептейді.

«50 грант бастамасы бойынша айтсақ, Қазақстанның мүмкіндігі осы ұйымдағы әрбір мемлекетке 50 гранттан беруге жетеді. Себебі, кезінде Қазақстан Ауғанстан студенттеріне 1000 грант берген кездер болған. 10 жыл бұрын сондай мүмкіндік болған. Қазір де сондай мүмкіндік бар. Түркия Президентінің Түркі кеңесін ұйым деңгейіне шығару қажет дегені де жақсы ұсыныс. Өйткені ұйымның аты – ұйым. Ұйым болғандықтан, ол халықаралық қатынастардың құқық нысанына айналады. Онымен өзгелер де санасатын болады. Сонымен бірге, мәдени, гуманитарлық байланыстарды ғана емес, саяси, экономикалық, әскери қарым-қатынастарды жандандыруға болады», - деген сарапшы интеграция аясында кейбір мемлекеттердің жеке проблемаларын бүкіл түркі әлеміне таңудан аулақ болу керектігін атап өтті.

«Түркия тарапы осы интеграция аясында өзінің Кипрдегі мәселелерін көтеріп жатыр. Ондай мәселелерден сақ болу керек. Сондай-ақ, Қарабақ мәселесі де көтерілді. Иә, ол Әзербайжанның жеңісі. Бірақ оған да тым саяси мән үстеудің қажет жоқ деп ойлаймын. Өйткені ол екі елдің арасындағы мәселе. Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ аясында өзінің ұстанатын бағыттары бар. Бұл жерде Қазақстанның бұрыннын келе жатқан көпвекторлы саясаты бар. Соны да ескерген жөн деп ойлаймын», - деп түйіндеді сарапшы.


Фото: aqmeshit-zhastary.kz


Соңғы жаңалықтар