Түркістанда арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жатқан 61 науқас туберкулез жұқтырған

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістандағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ем қабылдап жатқан  61 науқас өкпе құрт дертін жұқтырған. Жұқпалы аурудан үшеуі көз жұмды. Бұл туралы бүгін Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

9-11 қаңтар аралығында Түркістандағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы науқастарды кезекті медициналық  тексеруден өткізген дәрігерлер 7 науқастың өкпе құрт ауруына шалдыққанын анықтаған. Осыдан кейін орталықтағы 502 науқас қайта тексеруден өтіпті. Нәтижесінде 61 адамның өкпе құрт ауырын жұқтырғаны белгілі болды.  Оның жартысына жуығында аурудың ашық түрі болып шыққан. Дер кезінде ем қабылдамаған үш адам дертінен айықпай, қайтыс болыпты.

«Туберкулезді жұқтырған науқастар қазір басқа мекемелерге ауыстырылып, тиісті ем қабылдауда. Оларды бақылау күшейтілген. Барлық эпидемиологиялық емдер тағайындалды. Осы мәселеге орай бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен Ведомствоаралық комиссия құрылып, оның қатарына Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің, Денсаулық сақтау министрлігі мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігінің өкілдері кірген. Комиссия тиісті емдеу шараларын, әлеуметтік қызмет пакетін, емдеудің сапасы мен инфекциялық бақылау талаптарының қаншалықты сақталғанын  бақылайтын болады», - деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой.

Бүгінде республикадан арнайы мамандар шақыртылып, науқастарды емдеу шаралары жүргізілуде.

«Алдын ала жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша пациенттердің флюорографиялық тексерумен толық қамтылмағаны, туберкулезді анықтау және емдеу алгоритмдері, дезинфекциялау тәртібі сақталмағаны, т.б. кемшіліктер анықталған. Қазіргі кезде диспансердегі 363 қызмет алушы қатаң бақылауға алынды. Олар бойынша да тереңдетіп зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жөнінде облыс әкімі, облыс әкімдігі тарапынан бірнеше арнайы жиындар өткізілді»,-деді облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр.

Спикерлердің сөзінше, кемшіліктерге жол берген қызметкерлерге қатысты қызметтік тексеру тағайындалып, тексеру қорытындысымен тиісті шаралар қабылданатын болады.

Еске сала кетейік, өткен жылдың қыркүйек айында аталмыш диспансерде  жатқан бір науқастың ата-анасы емдеу мекемесінде санитарлық  талаптар мүлде сақталмайтындығын, ем қабылдаушылардың жағдайы өте нашар екенін көрсететін бейнетүсірілім жасаған болатын. Содан кейін еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан арнайы комиссия құрылып, диспансердің бас дәрігері қызметінен кеткен еді.  

Соңғы жаңалықтар