Түркістанда археологтар қоқан және қазақ үйлерінің орнын тапты

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістандағы Күлтөбе қалашығының солтүстік бөлігінен қоқан және қазақ үйлерінің орны табылды. Қазба жұмыстары кезінде, сондай-ақ, тандыр және ұстындар шоғыры анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Археологтардың айтуынша, Қоқан үйінің қалдықтары XIX ғасырға тән екені анықталған. Одан 70 сантиметрдей төмен тұста XVI-XVII ғасырға тән қазақ үйді кезіктіруге болады. Мұнда күлі де сол қалпында сақталған тандыр, дәліз және есік орны бар. Сонымен қатар, үй тіреуге арналған тас ұстындар шоғырының да беті ашылып келеді. Түрлі ғасырға тән құмыра сынықтары да көптеп шыға бастаған. Осылайша көне ғасырлар сыры ашылуда.null

Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Түркістан қаласындағы ортағасырдағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің тарихи келбетін анықтау және қалпына келтіру мен оларды танымал туристік орталыққа айналдыру мақсатында қазба жұмыстарын бастаған. Ағымдағы жылдың 17 қаңтарынан бастап Күлтөбе қалашығының солтүстік бөлігінде басталған қазба және анықтау жұмыстарымен Қазақ ғылыми - зерттеу мәдениет институты айналысып жатыр. Серік Ақылбек жетекшілік ететін археологиялық топта қазір 80-ге жуық археолог еңбек етуде.null

«Түркістанның ең көне бөлігі - Күлтөбе қалашығы екені белгілі. Зерттеу және зерделеуге арналған ауқымды жоба Күлтөбенің өзі мен айналасын қамтиды. Бүгінгі таңдағы ең басты жұмыс - ескерткіштер аумағын үйінді топырақтан тазартуға арналып отыр. Себебі, 1975 жылдардағы аэрофотосуреттермен салыстырғанда өзгерістер көп. Мәселен, сай боп көрінген аймақ қазіргі таңда дөңеске айналған.Тарихи аумақтың мәдени қабаттарын анықтау мақсатында барлау қазбалары да жұмыс жасауда. Барлау нәтижесінде түсірілімде көрсетілген сай түріндегі қыртыста тарихи қабаттың бар-жоғы нақтыланады», - деді Серік Ақылбек.

null Еске салайық, Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген кезеңнің рухын асқақтату мақсатында қолға алынған Түркістан қаласындағы Күлтөбе археологиясы және қосымша нысандар жұмысы 3 жылға жоспарланған. Мұнда біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырдан бастау алатын Қазақстандағы алғашқы сәулет құрылыстары бар Күлтөбе қалашығы бірқатар деректерде Күлтөбе Ясы (Асон) деп аталады. Алғаш рет Ясы атауы монғолдардың ұлы ханы Менгудің ордасына Қазақстанның оңтүстік аймағы арқылы сапар шеккен армян патшасы І Гетумның жолжазбасында кездеседі.

Соңғы жаңалықтар