Түркістанда ардагер аналар ардақталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюбеков киелі шаһардың қалыптасуы жолында аянбай еңбек етіп, дамуына күш-қайраты мен тәжірибесін жұмсаған ардақты жандарға құрмет көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сондай жандардың бірі темір жол саласының ардагері Хамдия Шакирова. Ол Татарстан Реcпубликасының тумасы болғанымен Түркістанда өсіп, еңбек жолын да тоғыз жолдың торабындағы Түркістан теміржол асханасында қызметші болып бастаған.

Кейін тауар бойынша сарапшы, 20 жылға жуық яғни құрметті зейнеткерлікке шыққанға дейін басшылық қызметтер атқарған. Екі рет қалалық кеңестің депутаты, қалалық партия комитетінің мүшесі болған зейнеткерге бүгінде «Түркістан қаласының Құрметті азаматы» атағы берілген. Ал, Мария Даньшинаның да еңбек жолы қасиетті қаламен тікелей байланысты.

14 жасынан еңбекке араласқан Мария Федоровна алдымен колхозда жұмысшы болып бастап, кейіннен қаладағы №15 мектеп-интернатында аспазшы болып адал еңбек еткен. Ерен еңбегін де толығымен осы салада атқарып, 1987 жылы құрметті зейнеткерлікке шыққан қарт ана бүгінде еңбегінің зейнетін көруде.

Қала басшысы Рашид Аюбеков пен қалалық ҰОС және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетұлы қос зейнеткердің отбасында болып, елдің дамуы жолында еткен еңбектері үшін ризашылықтарын жеткізді. Қос ананы «Қарттар күні» мерекесімен құттықтап, шоқ қызыл гүлдері мен арнайы сый-сияпатын табыс етті. Өз кезегінде қуаныштарын жасыра алмаған Хамдия Корнеевна мен Мария Федоровна қала басшысына алғыстарын жаудырып, Түркістанның өсіп-өркендеуі жолындағы еңбектерінде зор табыстар тіледі.

Соңғы жаңалықтар