Түркістанда ана мен бала өлімін азайту мәселелері талқыланды

None
None
ТҮРКІСТАН.ҚазАқпарат – Түркістан қаласында «Ана мен бала» атты аймақтық ғылыми-білім форумы өтті.

Келелі басқосуда Қазақстанның барлық аймағынан жиналған акушер-гинекологтар репродуктивті денсаулықты нығайтуға бағытталған ғылыми жетістіктерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен «Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» АҚ ұйымдастырған жиынға неонатологтар мен медициналық генетиктер, анестезиолог-реаниматологтар мен зерттеудің функционалдық әдістерінің мамандары (УДЗ, КТГ), еліміздің акушерлері мен медбикелері қатысты.

Форумда дәрігерлер ана мен бала өлімін азайту мәселелерін талқылап, өзара тәжірибе алмасты. Себебі, дүние есігін жаңа ашқан сәбилердің өмір бастауында дәл осы дәрігерлердің қызметі аса маңызды. Форумға қатысқан Ұлттық акушер-гинеколог дәрігерлері қауымдастығының төрайымы, профессор Нина Каюпова нәрестелердің өмірге келу көрсеткіші бойынша Түркістан облысы көш бастап тұрғанын айтады.

Демографиялық ахуалды көтеруде Алматы, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау облысы мен Астана қаласы да алдыңғы қатарда келеді.

Мамандардың мәліметінше, ана мен бала өлімі көрсеткіші өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда төмендеген. Өлім-жітімнің алдын алу мақсатында үздіксіз сараптамалар жүргізіліп, жүктілік пен босанудың қауіпсіз технологиялары жетілдірілуде.

Форумда айтылған мәліметке сүйенсек, республика көлемінде бес мыңға жуық акушер-гинеколог бар. Дегенмен елімізде кадр жетіспеушілігі байқалады. Өз кезегінде, Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев мемлекет тарапынан медицина саласын дамытуға үлкен назар бөлініп жатқандығын атап өтті. Облыста жаңа нысандар салынып, халықтың денсаулығын жақсарту тұрғысында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар