Түркістанда алтынмен апталған Тақсай ханшайымының көшірмесі сақтаулы тұр

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында орналасқан «Ұлы Дала Елі» орталығында алтынмен апталған Тақсай ханшайымының көшірмесі сақталуы тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда табылған 4 алтын адамның бірі саналатын құнды жәдігерді қала тұрғындары мен қонақтары «Ұлы Дала Елі» орталығынан тамашалай алады.

Ханшайымның басында тау ешкісі бейнеленген алтын бас киім бар.

Мойнына екі салпыншақты шекелік және тұтас құйылған гривна тағылған.

Ал киімнің кеуде тұсына төртбұрышты, сопақша пішінді барақ ит, қойдың басы бейнеленген алтын жапсырмалы әшекейлер мен дөңгелек пішінді алтын моншақтар тігілген.

Киімнің жеңдеріне де алтын қалыптағы қасқырдың азу тістері бейнесіндегі алтын салпыншақ тігілген.

Ал білектеріне қиял-ғажайып жануар, яғни мүйізді мысықтұқымдас жыртқыштың бұзаумен айқасы бейнеленіп, алтыннан құйып жасалған екі білезік тағылған.

«2012 жылы археологиялық қазба жұмысы кезінде Батыс Қазақстан облысы аумағынан б.з.д. ІV-VІ ғасырға тән ежелгі сармат кезеңіне жататын бекзат әйелдің қабірі табылған болатын. Ғалымдар оны қазба табылған жердің атымен «Тақсай ханшайымы» атап кетті. Аса бай алтын бұйымдармен көмкерілген сармат ханшайымының салтанатты түр-тұлғасын белгілі реставратор Қырым Алтынбеков қалпына келтіріп, елордадағы Ұлттық музей мен Орал облыстық тарихи-өлкетану музейіне сыйға тартқан болатын. Кейін көшірмесі Түркістан қаласына тарту етілді»,-дейді «Ұлы Дала Елі» орталығының ғылыми қызметкері Айман Мирзабекова.

Музей қызметкерлерінің айтуынша «Алтын әйел» қабірін ашқан кезде оның сол қолында толқынды өрнектері бар көкшіл түсті шыны ыдыс болған.

Ал, оң қолына қоладан жасалған, барақ иттің басы бейнеленген, тұтқасы жуан, алтын сапты айна табылған.

Айнаның сабы жаңғақ ағашынан жасалған қаппен құндақталған.


Фото: «Ұлы Дала Елі» орталығы


Соңғы жаңалықтар