Түркістанда «Алтын домбыра» республикалық айтысы басталды

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістанда «Алтын домбыра» республикалық айтысы өтіп жатыр. Биылғы дода Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Киелі Түркістан топырағында аламан айтыстың шымылдығын ашып отырмыз. «АMANAT» партиясы руханият пен мәдениетке жан-жақты қамқорлық жасап келеді. Соның бір айғағы – ұлтымыздың бойтұмарына айналған осы айтыс. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміз жаңа дәуірге, әділетті Қазақстанға қадам басты. Қоғам өзгеріп жатыр. Осы оң өзгерістерді болашаққа ақындарымыз жеткізеді деп ойлаймын», - деді Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов айтыстың ашылу салтанатында.

Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған айтыста еліміздің ең үздік 18 ақыны бас қосты.

«Алтын домбыраның» түркі жұртының рухани төрінде өтуі – біз үшін зор мәртебе әрі заңдылық. Өздеріңізге белгілі, осыдан 4 жылдан астам уақыт бұрын өзінің тарихи тұғырына қайта қонған Түркістан қаласы жаңару мен жаңғырудың бұрын-соңды болмаған жаңа белесіне көтерілді. Біз әрқашан да мәдени-рухани іс-шараларды қабылдауға дайынбыз, - деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Биылғы жылдың басты додасына еліміздің әр өңірінде жыл бойы өткен айтыстарда жеңімпаз атанған танымал ақындар жиналған. Айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев жүргізіп отыр.

Айта кетейік, республикалық «Алтын домбыра» ақындар айтысы 2012 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді. Былтыр бұл додада түркістандық Бекарыс Шойбеков жеңімпаз атанған болатын. Түркістан төріндегі айтыс 2 күнге жалғасады.



Соңғы жаңалықтар