Түркістанда «Алтын домбыра-2022» иегері анықталды

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістанда айтыста өтіп, «Алтын домбыра-2022» иегері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістанда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық ақындар айтысы аяқталды. Екі күнге созылған жыр аламанына қатысқан 18 ақынның барлығы да осал емес екендігін көрсетті. Айтыссүйер қауымды өрелі өнері, өрнекті сөздерімен сусындатты. Арасында әдемі әзіл мен жарасымды қалжың да айтылды.

Ақындардың өнеріне көрнекті өнер қайраткері, Қазақстан және КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы баға берді. Сондай-ақ, қазылар құрамында ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай, ҚР Президентінің әдебиет саласындағы стипендиясының иегері, ақын Светқали Нұржан, Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, Қадыр Мырза Әли атындағы «Мәдениет және өнер» орталығының директоры, ақын Бауыржан Қалиолла, айтыскер ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Бекарыс Шойбеков болды.

Айтыстың қорытындысында әділ қазылар шешімімен Еркебұлан Қайназаров «Алтын домбыра» сыйлығының иегері атанды. Сондай-ақ, 3 млн теңгеге ие болды.

Рүстем Қайыртайұлы жүлделі І орынды, Біржан Байтуов пен Шұғайып Сезімхан ІІ орынды (1 млн), Талғат Мықи мен Хазрет Бердіхан және Мөлдір Айтбайқызы ІІІ орынды (750 мың) иеленді. «Алтын домбыраның» 500 мың теңгелік арнайы жүлдесі Нұрлан Есенқұловқа, Арғынбек Қалбаевқа, Қалижан Білдәшқа бұйырды. Өзге де айтысқа қатысушы ақындарға 300 мың теңгеден табысталды.

Айта кетейік, кеше Түркістанда «Алтын домбыра» республикалық айтысы басталған болатын. Мәдениет және спорт министрлігі мен «AMANAT» партиясы бірлесе ұйымдастырған айтысқа 18 ақын қатысты.

Соңғы жаңалықтар