Түркістанда әлеуметтік дүкендер саны 13-тен 50-ге дейін көбейеді

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда әлеуметтік дүкендер саны 3 есе артады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында өңірде азық-түлік тауарларының бағасына үнемі мониторинг жүргізілуде.

Соңғы аптада Түркістан қаласы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішінде пияздың бағасы 145 теңге, макарон 308 теңге, күріш 380 теңге болған. Бағаларды тұрақтандыру бойынша бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Делдалдық тетіктерді анықтау жұмыстары күшейтілген. Мониторинг және талдау нәтижесінде бірқатар сауда орындарында сауда үстемесінің асып кету фактісі анықталып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылған. Сондай-ақ, биыл Түркістанда әлеуметтік дүкендер саны 13-тен 50-ге жеткізілмек.

Бүгін Түркістан облысы әкімдігінде өткен жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды сала мамандарына бағаны тұрақтандыру бойынша нақты нәтиже беретін тетіктер табуды тапсырды. Әсіресе, алыпсатарларға бақылауды күшейтіп, азық-түлік пен тауар құнын негізсіз өсіруге жол бермеу қажеттігін айтты. Бағаның бақылаусыз кетпеуін қадағалауды тапсырды.

«Әрбір тауардың бағасы бойынша жағдайды күнделікті бақылауда ұстап отыру керек. Азық-түлік бағасын бақылау, оның өсуіне жол бермеу жұмыстары ойдағыдай емес. Нақты нәтиже аз. Жәрмеңкелер де өз нәтижесін бермей отыр. 2019-2021 жылдары 14 әлеуметтік дүкені ашылып, одан кейін мұндай дүкен ашу ісі тоқтап қалған. Биыл ғана саны артқалы жатыр. Осы салаға жауапты орынбасарым мен жауапты басшыларға азық-түлік бағасын негізсіз көтерудің алдын алу, мониторинг жұмысын күшейтуді тапсырамын», – деді Дархан Сатыбалды.

Айта кетейік, өңірде 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бойынша жалпы 99,3 мың тонна қоры бар. Әлеуметтік маңызы бар азық - түлік тауарларының 15 түрі облыста өндіріледі.


Соңғы жаңалықтар