Түркістанда «Адам және табиғат» атты фотокөрме өтті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күніне орай «Адам және табиғат» экологиялық эстафеталық фотокөрмесі өтті. Көрмені облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі мен «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жасөспірімдер мен ересектердің экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған көрме балаларды табиғат-анаға сүйіспеншілікпен қарауға бағытталды. Онда «Адам және табиғат» атты тақырыпта қоғамға ой салатын суреттер көрермен назарына ұсынылды. Бұл суреттерде адам қолымен табиғатқа жасалған қастандық, жер бетіндегі күл-қоқыстар мен өндірістік қалдықтардың жан-жануарларға тигізген зардамы көрініс тапқан.

Сонымен бірге өзен-көлдердің, ауаның ластануы, өсімдік әлемінің зардап шегуі де суреттерге арқау болған. Фотокөрмені өткізуге өңірдегі бірнеше басқарманың мамандары атсалысып, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бастамаға қолдау көрсетті.

«Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі мен білім басқармасының жауапты мамандары, қала тұрғындары мен мектеп оқушылары, колледж студенттері қатысқан көрмеде табиғатты қорғау мен айналаны таза ұстау жөнінде ой қозғалды. Оны Түркістан қаласының тұрғындарымен бірге Қ.А.Ясауи кесенесіне келген қонақтар да тамашалады.

Айта кетейік, облыс орталығы - Түркістаннан бастау алған фотокөрме алдағы уақытта барлық аудан, қала көлемінде бекітілген кестеге сәйкес ұйымдастырылмақ.

Соңғы жаңалықтар